«Қара киімділер-3» DVD және Blu-ray дисктерінде сатыла бастады

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін, 19 қыркүйектен бастап «Қара киімділер-3» фильмі DVD және Blu-ray форматтарында таратыла бастайды.

   Қазақ тілі «Columbia Pictures» киностудиясының «Қара киімділер-3» фильмінің кейіпкерлері сөйлеген әлемнің 7-ші тілі болмақ. «Columbia Pictures» компаниясының дисктері мәзірінің «Тілдер» бөлімінде алғаш рет қазақ тілі пайда болды. Бұл туралы Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлайды.

Қауымдастық мәліметтеріне қарағанда, аударманың дәлдігін қамтамасыз ету үшін фильм мәтіні ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылды. Дубляж халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Жобаны қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкес келетін жаңа фильм деп те айтуға болады.

Дыбыстау жұмыстары Алматы қаласындағы «Cinema Tone Production» студиясында өткізілді. Ақырғы монтаж жұмыстары Лондон қаласындағы «Shepperton» студиясында жасалды. Фильмнің қазақ тілді нұсқасын шығару үшін АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан елдерінің мамандары қызмет етті. 

Айта кетерлігі, американдық актер Уилл Смитті дыбыстау үшін Азамат Қанапияев таңдалыпты. Азамат «Көліктер-2» мультфильмінің кейіпкері Мэтрді де дыбыстаған болатын. Уолт Дисней компаниясының өкілдері оның дауысына жоғары баға берді.

«Қара киімділер-3» - 2012 жылдың ең маңызды премьераларының бірі, жердегі ғаламшарлықтардың қызметін қадағалап отыратын құпия ұйымның қызметкерлері жайлы фильмнің жалғасы. Комедия жанрында түсірілген бұл фильм достық, адалдық, батылдық секілді құндылықтарды насихаттайды.

Фильмнің дубляжын «Болашақ» қауымдастығы «MARWIN» компаниясымен бірлесе отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен жүзеге асырған болатын.

Сонымен қатар, «Болашақ» қауымдастығы жуырда «Батыл жүрек» пен «Жаңа Өрмекші адам» фильмдерінің DVD және Blu-ray дисктері шығатынынан құлағдар етеді. «Жоба ұйымдастырушылары мемлекеттік тілге дубляжданған фильмдердің дисктері қазақстандықтардың тарапынан қолдау тауып, қазақ тілін үйренудің құралынан айналатынына сенеді» делінген хабарламады.