«Қара майор» атымен есімі аңызға айналған Ауған соғысының ардагері жайлы кино түсірілуде

; АЛМАТЫ. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматы облысындағы Тамғалы шатқалында «Нағыз полковник» фильмінің түсірілімі жүріп жатыр,

       деп хабарлайды ҚазАқпарат.

          «Ресейлiк теледидар қызметкерлері мен қазақстандық кинематографтардың креативтi тобы «Александр Македонскийдің ізімен» деректі фильмін түсiруге Алматыдан Ауғанстанға қатерлi сапарға шығады. Оларды ауған жерінде соғысқан және соғыс барысында жауынгер досын жоғалтқан Марат Аюмов  бастап жүреді. Ол парсы тілін жетік біледі, әрі ауған дәстүрін және заңдарымен жақсы таныс. Бірақ оның Ауған соғысы кезінде КСРО-ның ГРУ арнайы жасағының  бұйрығымен мұсылман батальонының құрамында  қызмет еткенін, ол жайында «Қара майор» аңызы тарағанын және Ауғанстанға оралуының өзіндік жеке себептері бар екенін ешкім білмейді...»

          Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазахфильм» киностудиясы мен «Бәйтерек» продюсерлік орталығы түсіруде. Оған Үкіметтен 5 миллион АҚШ доллары бөлінген. Қоюшы-режиссер ресейлік Егор Михалков- Кончаловский. Басты рөлге Берік Айтжанов, сонымен қатар Арман Әсенов, Аша Матай және ресейлік Денис Никифоров, Гоша Куценко, Наталья Арынбасарова сияқты танымал  актерлер қатысады.

         «Қазақстанда кино түсіру көкейімде жүрген жоспардың бірі еді.  Қазақстан - екінші отаным десем болады. Кино Ауған соғысына қатысқан Марат Аюмов жайлы болмақ. Фильм барысында оның жастық шағы мен қазіргі уақыттағы өмірі бейнеленеді. Бұл фильм Кеңес үкіметі тұсындағы адамдар жайлы, өйткені Ауған соғысы Кеңес үкіметі кезеңінде өтті ғой. Сондай-ақ аталмыш соғыста көптеген қазақстандықтардың ерлік жасағанын көрсеткіміз келеді», дейді Е. Михалков-Кончаловский.

         Қазан айының 25-де түсірілімі басталған бұл кино Ұлы Жеңістің  65 жылдығында көрермен назарына ұсынылмақ.