Қара өлеңнің қамқоршысы Оразақын Асқарға 90 жыл

Фото: Фото: massaget.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – саналы ғұмырын туған әдебиетіміздің тұғырын биіктетуге арнаған аяулы ақын Оразақын Асқардың туған күні.

Оразақын Асқар осыдан тура 90 жыл бұрын, 1935 жылы мамырдың 16 күні Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Іле аймағының Мүкей-Қаратас деген жерінде өмір есігін ашады. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебі мен Сүйдін аудандық қазақ-қырғыз алған талапты жеткіншек 1950 жылы Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы Білім жұрты гимназиясына оқуға түседі. Болашақ ақынның тырнақалды туындылары осы мезгілде жергілікті «Жаңа жол» газетінде жарық көре бастайды. Гимназияны бітірген соң Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтының филология факультетіне жолдама алады.

Бұл Қытайда коммунистер билікке келіп, ұзаққа созылған азаматтық соғысқа нүкте қойылған, аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңді бастан кешкен өлке қазақтардың саяси-рухани өмірі жаңа арнаға ойысқан өлара шақ еді. Ақындығымен әдеби ортаға жылдам танылған жас студент екінші курста оқып жүргенде бірден Қытайдағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Шынжаң газетіне» жұмысқа шақырылады. Осыған тұспа-тұс, 1953 жылдың мамыр-маусым айларында қазақ тіліндегі алғашқы көркем-әдеби басылым «Шынжаң әдебиет-искусствосының» (қазіргі «Шұғыла» журналы) тұңғыш саны оқырман қолына тиеді. Бұған дейін бәсірелі әдеби басылымы болмай келген қазақ ақын-жазушылары енді көсіліп жаза бастайды. Сол үркердей шоғырдың ішінде Оразақын Асқардың орны бір төбе еді. Қазақ ақындарының екі томдығына өлеңдері еніп, өлкедегі алғашқы әдеби байқауда «Ақ көгершін» атты өлеңі топ жарады. ҚҚР-да баспадан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көптомдық академиялық еңбекте жиырмаға ілінбеген жас ақын Оразақын Асқар есімінің арғы беттегі көркем поэзиямыздың алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің уығын шаншып, шаңырағын көтерген көрнекті тұлғалардың қатарында аталуы тегін емес-ті.

1954 жылы Қытайдағы Кеңес одағы азаматтарының ерікті түрде тарихи отанына оралуына мүмкіндік беретін үкіметаралық келісім жасалады. Қазаққа нәубет болып келген ұжымдастыру жылдарында жат елге ауа көшкен босқын ауылда туып-өскен жас ақын осы ақпаратты естіген бойда туыс-туғаны мен нағашы жұртын үгіттеп, 1955 жылдың 27 сәуірінде Қорғас шекарасынан кеңестік Қазақстанға оралады.

Фото: adebiportal.kz

Елім деп келген ерке ақынның отты жырларын әдеби орта, көзқарақты оқырман ыстық ықыласпен қабылдайды, Хамит Ерғалиев сынды аға буын ақындардан бата алып, Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққалы тұрған «Қос жүрек» атты ұжымдық жинаққа өлеңдері енеді. 1956 жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне түсіп, Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Смет Кеңесбаев секілді ұстаздардың алдын көрді. 1961 жылы арнайы сұраныспен Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, Поэзия секциясында орынбасар болып қызмет атқарады. 1970-1984 жылдары Кітап палатасында бөлім меңгеруші, одан 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында поэзия бөлімінің аға редакторы болды.

Ақынның алғашқы жеке жинағы 1964 жылы «Тұңғыш» деген атпен жарық көрді. Әр жылдары «Мейірім», «Белжайлау», «Балқарағай», «Өркеш», «Орбұлақ», «Күнгей», «Тәуелсіздік тартулары», «Дербестік дес бергенде» секілді 40-тан астам кітабы баспадан шықты. Оның тең жартысы балаларға арналған. «Қорықтар әлеміне саяхат» деп аталатын топтама өлеңдері 1983 жылы Қазақстан табиғат қорғау қоғамының бәйгесіне ие болды. «Туған жердің картасы» деген дастаны 1974 жылы балалар мен жастарға арналған «Жалын» баспасының жабық конкурсында жүлдеге ие болды.

Оразақын Асқар - халықаралық «Алаш», Мұқағали атындағы және Түркі әлемі «Ақбозат» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Тәуелсіздіктің 10, 20 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медалдарының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Фото: adebiportal.kz

Оразақын Асқар – поэзия өнеріне тұла бойымен, жан дүниесімен адал ақын. Оның өлеңдері майдан қылшық суырғандай нәзіктігімен, қыздың жиған жүгіндей жинақылығымен, сыңғырлаған күмістей әуезділігімен жүрекке жылы тиеді.

Сыршыл, суреткер ақынның бағасын тани білген Ғафу Қайырбеков: «Оразақынның ақындық ерекшелігі тілінде, табиғи ажар, еркіндік, нақтылық пен жинақылық, ашық сурет бар. Оның қазақ поэзиясында өз жолы бар, ол жолды көмескілемейтін, аспайтын, саспайтын, өзін-өзі жұрт көзіне баспайтын, үгіттемейтін, баяу болғанымен терең ағысты, ойлы творчествосы бар талантты ақын», - деп тұжырады.

Кейіпкеріміздің жерлесі, белгілі ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек Оразақын Асқарды «біртоға, ынта-шынтасымен шығармашылыққа берілген, артық-ауыс сөзі жоқ кісілікті жан еді» деп еске алады.

- Қазақ әдебиетінде отыз бестің тумалары деген өзгеше құбылыс бар. 1935 жылы өмірге келіп, әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге қызмет еткен құрдастардың қатары көп. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Жұмекен Нәжімеденов, Жайсаңбек Молдағалиев, Рамазан Тоқтаров, Ғаббас Қабышұлы, Қалихан Ысқақ, Медеу Сәрсеке бастаған үлкен шоғырдың бел ортасында Оразақын Асқар керемет ақындығымен көзге түсті. Ол өте суреткер ақын болды. Өлеңдері тұнып тұрған сурет. Мысалы, «Нөсер алыс кеткенде қыран қанат, әр сайдан су түлкідей бұлаң қағад. Ақ бұзауын емізген ақ сиырдай, тұр тұмсықтан үй жаққа тұман қарап» немесе «Бітсін сөздің басқасы, беткейге көз тасташы. Жіңішкеріп қалған қар, Секілді аттың қасқасы» деп келетін жыр шумақтарын толқымай, сүйсінбей оқу мүмкін емес. Мен Оразақын ағаны әдебиетімізден ойып орын алған қабырғалы ақын деп танимын, - дейді Ауыт Мұқибек.

Ақынның айтуынша, Оразақын Асқардың «Аттастар» дейтін атақты поэмасы болған. Алғаш Оразақын Асқар деген атпен басылым беттерінде өлеңдері жариялана бастаған жас ақынға бірде елдің батыс өңірінен хат келеді. Кейуанадан келген хаттағы «Менің балам соғыстан оралмай қалды, оның да аты-жөні Оразақын Асқар еді. Газеттен сені көрсем, балам есіме түседі. Сен сол емессің бе, шырағым?» деген үмітке толы лебізге көңілі еріген ақжүрек ақын көркемдік шешімімен таң қалдыратын осы әсерлі, лепті поэманы өмірге әкеледі. «Мен-ақ сізге бала болайын» деп келетін жыр жолдарынан Оразақын ағаның жаны қандай жайсаң, жомарт болғаны анық білінеді.

Оразақын Асқардың ұлт мұрасына шынайы жанашырлықтан туған тағы бір теңдессіз еңбегі - қазақ әдебиетінің қайнар көзі іспетті қара өлең нұсқаларын ел ішінен тірнектеп жинап, жіліктеп, жіктеп, топтап, жиырма мың жолдан тұратын екі кітапты халық қолына табыстауы еді. Бұл еңбегі 1994 жылы Мәдениет министрлігі мен Ғылым академиясы, Әдебиет институты бірігіп жариялаған ауыз әдебиетін жинаушыларға арналған бәйгеде 1-орынды жеңіп алғанын айтпай кетуге болмас.

«Бауырлас елдердің қара өлеңі қандай болады екен?» деген жай қызығушылықтың жетегімен еңбекқор ақын әлем елдерінің халықтық жырларына ден қойып, қазақша аудармасын жасай бастайды. Соның арқасында елу елдің халық жырлары қазақ балаларының рухани игілігіне айналды.

Балалар демекші, Оразақын Асқар бұл бағытта да ерінбей еңбектеніп, балдырғандарды аузына қаратқан бақытты ақын болды. Ол жайында Ауыт Мұқибек былай еске алады:

- Оразақын Асқар – қазақ балалар әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Мен Тұманбай ағаның қол астында, «Балдырған» журналында жұмыс істедім. Сонда Оразақын ағаның балаларға арналған жыр шумақтары ай сайын болмаса да екі-үш айда бір маржандай тізіліп, өрендерге жол тартатын. Өлеңдерінің табиғаты мінсіз, сұлу. Бала тіліне бейім, бір оқығанда жатталып қалатындай жұм-жұмыр, балабақша мен бастауыш сынып балаларына атап соққан өлеңдер Оразақын ағаның қаламынан туатын. «Балдырғанға» келіп-кетіп жүргенде ол кісінің аузынан құлақ құрышын қандыратындай салиқалы әңгімелерді көп тыңдадық.

Оразақын Асқар - сондай-ақ «Гүлдер әлемі» деп аталатын танымдық-тәрбиелік кітаптың авторы. Кітапта 300-ге жуық гүлдің қазақша атауы анықталып, әрқайсысына өлеңмен сипаттама беріледі. Бұл ретте ақын нағыз тіл жанашыры, сөз зергері ретінде көзге түседі.

Фото: kaspi.kz

Достыққа адал, жолдастыққа берік дарқан жүректі Оразақын Асқардың ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің мұраларын ел-жұртқа насихаттауға қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Әдеби ортада мұқағалитанушы атанған Оразақын Асқар Мақатаевтің өлеңдерімен алғаш Үрімжіде танысады. Елге оралғанда ауылдағы ақынға арнайы сәлем бере барады. Өлеңге ғашықтықтан басталған өлмес достық Мұқағали ақын өмірден өткенде Оразақын ағаның мойнына аманат болып артылады. Оразақын Асқар аға-досы туралы естеліктер айтудан ешқашан жалыққан емес. Мұқағали мұрасын өмірінің соңына дейін әспеттеп, халыққа үгіттеп өтті. Мұқағали Мақатаевтің төрт томдығын баспаға дайындады, «Мұқағали мұраты» атты қолжазбалар жинағын басып шығарды.

- Оразақын Асқар жылдар бойы Мақатаев мұраларын жинаумен, реттеумен, баспаға дайындаумен айналысты. Мұқағалидың қайтыс болғаннан кейін басылып шыққан кітаптарының барлығы дерлік Оразақын ағаның қолынан өтті. Кеңестік цензураның кесірінен кезінде Мақатаевтің жинақтарында күзеліп кеткен, қысқарып қалған шумақтар болған және ол аз болмаған. Тәуелсіздік жылдары Оразақын Асқар Мұқағалидың жинақтарын түп нұсқасымен қайта және мұқият салыстырып, цензураға ұшыраған жыр шумақтары мен сөз тіркестерін орны орнына қойып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге айрықша еңбек етті, - дейді Ауыт Мұқибек.

Халыққа қалтқысыз еңбек еткен аяулық ақынның мұралары ел-жұртымен бірге жасай беретініне сеніміз.