*** Сонымен, бүгiн « Егемен Қазақстан » басылымында жарияланған « Дәуір драмасы » атты мақалада «Қазақфильм» киностудиясының халқымыздың бастан кешкен тауқыметтерін бейнелейтін жаңа картина жайында болып отыр. "Елімізде Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған «Анаға оралу» («Дорога к матери») атты толықметражды фильм түсірілуде. Аталмыш картинаны Рашид Сүлейменовтің жақында ғана тұсауы кесілген «Оралу» фильмімен шатастырмау керек. Ақпарат айдынындағы әріптестеріміз кең ауқымды тарихи-шытырман оқиғалы фильмнің бастапқы атауын «Ана жүрегі» деп те аударып жүр. Режиссер Ақан Сатаевтың түсіру жұмыстарын бастап кеткеніне ай болды. Түсіру тобы кеше Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Анаға оралу» фильмінің түсіру жұмыстары басталуына байланысты алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Осыдан кейін журналистер фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаеваның қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында болып, декорациялық көріністерді тамашалап, актерлерден сұхбат алды", - делiнген мақалада.
Қазақстан Президенті елімізге жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан". Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының негізгі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастық аясында елдеріміз қол жеткізген барлық уағдаластықтар табысты орындалып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы екі елдің көптеген бірлескен кәсіпорындары жұмыс жүргізіп жатқанына назар аудара келіп, бұл істің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Беларусь Президентінің Украина дағдарысын реттеу ісіндегі үлесіне тоқталып өтті. - Орын алып отырған тайталастың ешкімге пайда бермейтіні жөніндегі біздің ұстанымдарымыз толығымен үндеседі, - деді Мемлекет басшысы.
***
Енді депутаттар Елбасының «Нұр Отан» съезінде жариялаған бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға атсалысуға жұмылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында хабарланды, деп жазады « Айқын » газетi « Бес реформаны жүзеге асыруға жұмылу керек » атты мақалада.
«Елбасының уақыт талабымен үндескен бұл бастамалары еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері мен ішкі саяси келісімі негізінде Қазақстан қоғамын одан әрі экономикалық және саяси жаңғыртудың жаңа белестеріне жол бастап, мемлекеттің тұрақтылығы мен баянды болашағын нығайта түседі», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жоғарғы палата төрағасының байламынша, «шын мәнінде, стратегиялық маңызға ие 5 институционалдық реформа» сайып келгенде, бүгінгі күрделі әлемдегі Қазақстанның экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуді және демократиялық құндылықтарды одан әрі ілгерілетуді көздейді». Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын кешенді шаралар «заман талабына сай мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігі мен сот әділдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру мен экономиканы әртараптандыру арқылы болашағы біртұтас ұлтты, ашық және есеп беруші мемлекет құруды көздейтін аса маңызды мәселелерді қамтып отыр».
«Айқын» басылымының бүгiнгi санында « Қара тiзiмдегiлер » тендерге қатыса алмайды » атты мақала жарыққа шықты.
Онда хабарланғанындай, мемлекеттік сатып алуда болсын, ұлттық компаниялар өткізетін сатып алуда болсын, жеңімпаз атанып, көрсеткен қызметі мен атқаратын жұмысына салғырт қараған, сатып алушы тапсырысы бойынша өндірген өнімінің сапасы сын көтермейтін кәсіпкерлік субъектісі «Жауапсыз жеткізушілер реестріне» енгізіледі.
«Мұны сатып алу өткізетін мекеменің «қара тізімі» деуге болады. Бұл реестрге енген компания біраз жыл сатып алу нарығына кіре алмайды. Яғни ол үшін тендер өткізетін мекемелердің есігі тарс жабылады. Өкінішке қарай, соңғы уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуларына қатысқан отандық өндірушілер арасында әлгі «қара тізімге» енгендер саны көбейіп барады екен. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында айтылды. Жыл басынан бері ғана 170-тен астам кәсіпкерлік субъектісі Қордың «Жауапсыз жеткізушілер реестрінен» орын алыпты», - делiнген мақалада.
***
Қазақстанның өз Леонид Гайдайы пайда болды, деп хабарлайды ресми тiлде жарыққа шығатын "Экспресс К" газетi.
«Қазақстанның жаңа «Свадьба на троих» комедиясы кассалық рекордтарды орнатуда. Прокаттың бiрiншi аптасында ол 450 мың доллар түсiрiп үлгердi. Көрермендердiң күлкiсi фильм бiткенше тыйылмайды. Бұл лента отандық комедиялардың алтын қорына енетiнi анық, ал режиссер Асқар Бисембин қазақстандық Леонид Гайдай атанады», - деп жазады мақала авторы.