Қара уылдырықты шекара асырмақ болған азамат құрықталды

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Бір тәуліктің ішінде қазақстандық шекарашылар қара уылдырық, халық тұтынатын тауарлар және құс еті секілді өнімдерді заңсыз өткізуге тырысқан азаматтардың жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қордай шекара отрядына қарасты «Өтеген» өткізу-бақылау бекетінің наряды қырғыз елінен келе жатқан жалпы салмағы 3,5 центнер болатын 17 қорап құс етін ұстады. Шекарашыларды байқап қалған беймәлім адамдар көршілес мемлекеттің аумағына қарай қаша жөнелді. Осы күні «Қордай авто» өткізу-бақылау бекетінің шекарашылары «Тойота-гранд хайс» автомашинасымен жалпы салмағы бір тоннаға жуық заттарды заңсыз алып келе жатқан қырғыз елінің азаматын ұстады. Орал шекара отрядына қарасты «Әлімбет авто» өткізу-бақылау бекетінің шекарашылары Ресей жеріне заңсыз өткізілмек болған 3 килограмм қара уылдырықты ұстады, құнын есептегенде алдын ала баға бойынша 500 000 теңгені құрады. Ал уылдырықты аталған азамат «Лада» автокөлігінің артқы есігінің жапсырмасына жасырып алып өтпек болған. Аталған деректер бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылып, фильтрациялық іс-шаралар атқарылуда.