«Қара жұмада» әрбір америкалық қанша ақша жұмсады

АСТАНА. ҚазАқпарат -АҚШ азаматтары жаппай сатылымдар кезінде қыруар ақшаға тауар сатып алды. Ризашылық күні мен «қара жұмада» онлайн сатылымдардың көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 7,9 млрд долларды құрады.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 17,9 пайызға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап. 

«Salesforce» маркетингтік компанияның мәліметіне сәйкес, орташа есеппен әрбір адам 122 долларға шығындалды. Ал «Adobe»-тың ақпараты бойынша аталған көрсеткіш 135 долларға дейін жеткен. Екі күннің ішінде америкалықтар 7,9 млрд долларға онлайн сауда жасаса, бір ғана «қара жұмада» 5,03 млрд-ты жұмсаған. Бұның өзі жаппай сатылымдар тарихындағы ең үлкен сома болып саналады. Америкалықтар PlayStation 4, теледидар, ойыншықтар мен ноутбуктерді  көптеп алған.

Айта кетейік, АҚШ-та жыл сайын «қара жұмада» жаппай сатылымдар өтеді. Сол кезде тауарларды екі есе арзанға алуға мүмкіндік бар. «Қара жұма» Ризашылық күнінен кейін ұйымдастырылады. Биыл жаппай сатылымдар 23-24 қараша күндері болды.