Қарағанды, Астана және Ақтөбе қалаларына есірткі жеткізуді ұйымдастырушылар сотталды
АСТАНА. KAZINFORM - Биыл сәуірде есірткі өткізді деген айыппен Қазақстанның үш азаматына қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ҚР Ұлыттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Олар Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Атап айтқанда, ҰҚК қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы мен оның екі сыбайласын ұстады.
Тінту кезінде 4 кг «мефедрон», 14 г кокаин, 500 г ауған гашиші, 15 г кетамин және 200 марка «LSD» тәркіленген.
Тергеу барысында сотталғандардың интернет-алаңы арқылы Қарағанды, Астана және Ақтөбе қалаларына аймақаралық есірткі жеткізуді ұйымдастырғанын анықтады.
- Есірткі бизнесіне қарсы іс-шаралар жалғасуда, - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі тартқан ақпаратта.
Осыған дейін Жезқазған қаласының есірткі жарнамалаған тұрғынына сот үкімі шыққаны туралы жаздық.