«Қарағанды – Балқаш» тасжолы қашан толығымен ашылатыны белгілі болды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - 2019 жылдан бастап созылып келе жатқан Қарағанды-Балқаш тасжолының құрылысы биыл аяқталуы тиіс еді. Алайда қазір жолдың тек 173 шақырымы ғана толық ашылды. Қалған бөлігі ел игілігіне қашан беріледі деген сұрақ әлі де көпшілікті алаңдатуда, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Жыл басында өңірге арнайы келген ҚР Үкімет басшысы құрылысты биыл аяқтау керектігін тапсырған болатын. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Бірақ 200 шақырымға жуық жолдың тек 2 жолағы ғана істеп тұр.

«Бір жағымен ғана жүреміз. Мұнда тек екі жолақ. Баратын жеріңе жоғары жылдамдық қосып тез жетің келеді. Бірақ қарама-қарсы көліктер шыға келеді. Жол апатының бәрі содан болып жатыр. Жөндеу жұмыстары біткен сияқты, неге ашпай жатқанын... Ашып берсе жақсы болар еді, - дейді жүргізуші Еркеұлан Тойболдин.

Аталған жолда апат та аз емес. Екі жолақты учаскелерде жүргізушілер ережені жиі бұзады. Сонын кесірінен биыл 79 жол апаты болып, 47 адам қаза тапқан. Бүгінде тосқауыл болатын, қардан қорғайтын және мал өткізбейтін қоршаулар салынуда. Жол құрылысының сапасы зертхана мамандарының назарында.

«Қазіргі таңда 363 км жолдың 173 км аштық. Қалғанын айдың соңына дейін ашамыз. Ауа райына байланысты жұмыстар кешігіп жатыр. Бірақ асфальт жұмыстары аяқталды, енді абаттандыру ғана қалды, - деп түсіндірді «Қазавтожол» ҰК» Қарағанды облысы филиалы директорының орынбасары Айбек Амантаев.

Бұл жолмен тәулігіне 30 мыңнан астам автокөлік өтеді. Белгіленген жоспар бойынша құрылыс биыл қараша соңына дейін аяқталуы керек. 363 шақырым тасжолға 317 миллиард теңге бөлінген.