«Қарағанды кәмпиттерінің» өндірісі қайта жандануы мүмкін
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Атақты «Қарағанды кәмпиттері» кондитерлік фабрикасы жақын арада іске қосылуы мүмкін. Бұл үшін 200 млн доллардан астам қаражат қажет.
Осыдан 10 жыл бұрын жабылған кондитерлік фабриканың қайта іске қосылатыны жайлы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің журналистерімен кездесуде мәлім етті. Аймақ басшысының айтуынша, фабрика жаңадан салынады.
— Біз бүгін акционерлермен сөйлестік. Қазіргі уақытта Пришахтинск ауданында 20 гектардан астам жерді белгілеуді көздеп отырмыз. Бір айдың ішінде бұл мәселелерді шешеміз. Бұл қаланың ірі жобаларының бірі болмақ. Акционердің жеке қаражаты мен несиелік қаражат салынады, — деп хабарлады облыс әкімі.
Жоба құны шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды. Фабрика ғимараты қайта салынады. Сондай-ақ өндірісті заманауи технологиялармен жабдықтау жоспарланып отыр. Жобаға Аустрия және Швейцария компаниялары қатысады деп күтілуде.
Әкімнің айтуынша, акционерлер экспортқа баса назар аудармақшы. Негізінен өнім Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіледі деп жоспарланған.
— Акционерлер ішкі нарыққа шығып қана қоймай, экспортқа да баса назар аударуға ниетті. Бұл ретте экспорт Араб елдеріне бағытталады деп жоспарланып отыр. Себебі сұраныс бар. Сондықтан мұның барлығы егжей-тегжейлі пысықталатын болады, — деп қосты Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұған дейін қазақстандық компаниялар шоколад пен кондитерлік өнімдерге сұранысты 47,2%-ға қамтамасыз еткені жайлы хабарлаған болатынбыз.