Қарағанды ​​маңында 30 жастағы футбол жаттықтырушысы жол апатынан көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды-Абай тасжолында жаттықтырушы Илья Буртовой мінген көлік жол апатына ұшырады.

Фото: ДФК «Скаут»

Илья Буртовой Қарағандыдағы «Скаут» футбол клубының жастар жаттықтырушысы болған және Көкшетаудағы «Елім-ай» футбол клубында ойнаған.

Демалыс күндері Илья Буртовой мінген көлік Қарағанды-Абай тасжолында жол-көлік оқиғасына ұшырады. «Скаут» балалар клубындағы әріптестерінің айтуынша, футболшы апаттан кейін ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

— Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, бірақ, өкінішке қарай, Илья Валерьевич бүгін қайтыс болды. Илья Буртовой өте жауапты, өз ісіне адал жан болды. Ол балаларды ерекше жақсы көретін және әрбір шәкіртіне бар білімі мен күш-жігерін арнаған нағыз маман еді, — деп хабарлады команданың баспасөз қызметі.

Қазақстан футбол қауымдастығы да Илья Буртовойдың қайтыс болғанын растады.

Бұған дейін ақтөбелік жас футболшы қайтыс болғанын жазған едік.