Қарағанды медицина университетіне Петр Поспеловтің есімі берілді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Орталық Қазақстанда дәрігерлер даярлау ісінің бастауында тұрған тұлғаның есімі енді еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының біріне берілді. Тиісті шешім институтты ширек ғасырға жуық басқарған, ұлттық медициналық кадрларды даярлауға зор үлес қосқан ғалымның туғанына 125 жыл толуы қарсаңында қабылданды.

Фото: Қарағанды медициналық университеті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қарағанды медицина университетіне Петр Моисеевич Поспеловтің есімі берілді. Мемлекет басшысы бұл шешімді тарихи әділеттілікті қалпына келтіру деп атады. 

Салтанатты рәсімге медицина ғылымы мен білім беру саласының өкілдері, университет ардагерлері, Қазақстанның және шетелдердің жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар мен компаниялардың басшылары қатысты.

Петр Поспелов Орталық Қазақстандағы жоғары медициналық білім беру жүйесінің негізін қалаушылардың бірі болды. Ол 1950 жылы институт ашылған кезден бастап оны 25 жылға жуық басқарды. Осы кезеңде бұрынғы фельдшерлік-акушерлік мектептің ғимаратында орналасқан шағын оқу орны ірі білім беру және ғылыми орталыққа айналды.

Поспелов ұлттық медициналық кадрларды даярлауға және ауыл жастарын қолдауға ерекше көңіл бөлді. Оның басшылығы кезінде жоғары оқу орнында екі мыңнан астам қазақ дәрігер білім алды. Университеттің алғашқы ректорының өзі қазақ тілін үйреніп, науқастармен еркін сөйлескен.

Денсаулық сақтау вице-министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев университетке Поспеловтің есімін беру ғалымның еңбегін мойындаумен қатар, қазіргі ұжымға үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

— Ұжым отандық медициналық мектептің үздік дәстүрлерін сақтап, оларды жаңа ғылыми және практикалық жетістіктермен толықтыратынына сенімдімін, — деді Тимур Сұлтанғазиев.

Алғашқы ректордың өңірдегі медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі туралы денсаулық сақтау саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы Қанат Ермекбаев айтып берді. Оның сөзінше, Поспелов облысқа өз дәрігерлері қажет екенін жақсы түсініп, медициналық институт ашуға күш салған. Сонымен қатар ол ауылдық жерлерден келген талапкерлерді қолдап, олардың медициналық білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектескен.

Қазір Қарағанды медицина университетінде тоғыз мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура деңгейлерінде 79 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады.

Бұған дейін Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығын атап өткенін хабарлаған болатынбыз.