Қарағанды облысында 10 сайлау учаскесі таңғы сағат 6:00-де ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру өзгелерден ерте, таңғы сағат 6:00-де басталды. Мұндай мүмкіндік өңірдегі әскери бөлімдер мен елді мекендерде орналасқан 10 учаскеде қарастырылған. Бұл учаскелердегі сайлаушылар тізіміне барлығы 4 мыңға жуық адам енгізілген.

Фото: Қарағанды облысының аумақтық сайлау комиссиясы

Бүгін, 29 қарашада, өңірде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қалған сайлау учаскелерінде дауыс беру заңнамада белгіленген уақытта басталды.

Фото: Қарағанды облысының аумақтық сайлау комиссиясы
Фото: Қарағанды облысының аумақтық сайлау комиссиясы

Облыс бойынша дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны – 757 629 адам. Олардың 2 378-і үшін бұл сайлау алғашқы сайлау болмақ.

Сайлау қорытындысы бойынша барлығы 214 депутаттық мандат бөлінеді. Оның ішінде бірмандатты аумақтық сайлау округтеріндегі 196 орынға 587 кандидат үміткер. Ал облыстық мәслихаттағы қалған 18 мандат партиялық тізімдер бойынша бөлінеді. Сайлауға жалпы саны 81 кандидат ұсынған алты саяси партия қатысып жатыр.

Өңірде дауыс беруді ұйымдастыруға 5 357 адам жұмыс істейтін 839 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. 

Сайлау учаскелерінің барша азаматқа қолжетімді болуына да ерекше назар аударылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 126 инватакси көлігі қызмет көрсетеді. Ал 315 учаскеде сурдоаудармашылар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 601 сайлау учаскесінде арнайы бұрыштар жабдықталған. Сурдоаударма қызметін мессенджерлер арқылы онлайн форматта да алуға болады.

Сайлау үдерісінің ашықтығын қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері бақылап отыр. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 19 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымды аккредиттеген. Сонымен қатар дауыс беру барысын саяси партиялардың өкілдері мен кандидаттардың 1 130 сенімді өкілі бақылай алады.

Дауыс беру барысы мен сайлаушылардың келу көрсеткіші туралы ақпарат күні бойы жаңартылып отырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде мәслихат сайлауында бір мандатқа орта есеппен үш кандидаттан таласатыны туралы хабарладық.