37 жастағы ер адам 44 млн теңгеден астам шығын келтірген алаяқтық ісі бойынша іздеуде болған. Сот шешімімен пробациялық бақылауда болған ол 2023 жылы тұрғылықты жерін өз бетінше тастап, белгісіз бағытқа кеткен.
Құқық қорғау органдары оны іздеуді тоқтатпаған. Жедел ақпарат нәтижесінде күдіктінің Алматыда жүргені анықталған.
Алайда оны ұстау үшін арнайы операция жүргізудің қажеті болмады. Күдіктінің жолы супермаркеттердің бірінде бейнебақылау камерасына түскен сәтте кесілді.
Қалалық бейнебақылау жүйесіндегі бет-әлпетті тану технологиясы ер адамның жүзін іздеудегі тұлғалар базасымен салыстырып, оның жеке басын анықтаған.
Жүйеден түскен белгі бойынша полиция қызметкерлері күдіктіні дереу ұстап, жеке басын растағаннан кейін Қарағанды облысы полициясының құжаттарына сәйкес туған қаласына жеткізді.
Қазір ер адам қамауда отыр. Оған қатысты сот шешімі шығады. Сондай-ақ бұрын тағайындалған пробациялық бақылау үкімінің күшін жою және жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түрінде өтеу мәселесі қаралады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда курьер зейнеткер берген ақшаны алаяқтарға апармай қойғанын жазған едік.