Қарағанды облысында алғашқы қар жауды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Актогай ауданында қыстың алғашқы ызғары сезілді. Ауданның бірнеше ауылында алғашқы қар түсіп, табиғат әп-сәтте ақ жамылды. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде ақ ұлпамен көмкерілген үйлер мен көшелердің суреттері мен бейнежазбаларын бөлісіп жатыр.
Ал синоптиктер алдағы күндері ауа райының салқындайтынын ескертті.
Сәрсенбіге қараған түні Саратерек, Шабанбай би, Жетімшоқы және өзге елді мекендер ақ ұлпаға оранды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, алғашқы қар айтарлықтай қолайсыздық әкелген жоқ.
— Жолдарда көктайғақ болған жоқ, күндіз қар еріп кетті. Таңертең ауа температурасы −5…−7 градус шамасында болса, кешке қарай қайта жылынды, — дейді тұрғындар.
Әлеуметтік желілерде біреулер алғашқы қарға қуанып, қысқы көңіл күйін бөліссе, енді біреулер әзіл-қалжың араластырып көліктерінің қысқы дөңгелегін ауыстыратын уақыт келгенін жазып жатыр.
«Қазгидромет» мамандарының дерегінше, 1 қазанға қараған түні ауа температурасы −2 °C-қа дейін төмендесе, күндіз +5 °C-қа дейін көтерілген. Алдағы күндері ауа райы біртіндеп жылынады: 2 қазанда +6 °C болып, аздаған жаңбыр жауады. 3 қазанда +10 °C-қа дейін көтеріліп, қысқа мерзімді жауын-шашын күтіледі, негізінен жаңбыр түрінде. Дегенмен, синоптиктердің болжамынша, ызғарлы ауа райы тек Қарағанды өңірімен шектелмейді. Қазақстанның солтүстік, шығыс және таулы аймақтарында түнде −3 °C-қа дейін үсік жүруі ықтимал.
Осыған дейін Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, көктайғақ болатыны жайлы хабарланған еді.