Қарағанды облысында аудандық мәслихат депутаты жиналыста темекі тартқаны үшін жазаланды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде тараған онлайн-кеңес барысында түсірілген видео полицияның назарына түсті. Тексеру нәтижесінде оқиғаға Осакаров ауданының өкілді органының басшысы қатысқаны анықталды.

Фото: Осакаровка аудандық мәслихатының аппараты

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында Zoom платформасында өткен онлайн-кеңес кезінде түсірілген бейнежазбаны анықтады. Видеода ер адамның қызметтік кабинетте отырып, электронды темекі тартқаны көрінеді.

Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы адамның кім екенін анықтады. Ол Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы болып шықты.

Тексеру қорытындысы бойынша оған қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Қарағанды облысының полиция департаменті заң талаптарын сақтау лауазымына, мәртебесіне немесе қоғамдық жағдайына қарамастан әр адам үшін міндетті екенін атап өтті.

— Заң мен тәртіп баршаға бірдей, ешкімге ерекшелік жоқ, — деп атап өтті ведомствода.

Бұған дейін тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастыру керектігі туралы Құрылтай отырысында Мәдениет пен Ішкі істер министрлеріне сауал жолдаған депутат Жарқынбек Амантайұлы айтқанын хабарлаған болатынбыз.