Қарағанды облысында ауыр жүк көліктерінен қандай заңбұзушылықтар жиі анықталады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында жүк тасымалдаушыларға бақылау күшейтіліп, алғашқы тексерулердің нәтижесінде миллиондаған теңге көлемінде айыппұл салынды.

Фото: Қарағанды облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы

Еліміз бойынша көліктік бақылау қызметінің мамандары республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктеріне жүргізілетін тексерулерді күшейтті. Негізгі мақсат – ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау кезінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды күшейту, автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.

Қарағанды облысы үшін бұл жұмыстың маңызы ерекше. Өңір еліміздегі ең ірі көлік тораптарының бірі саналады. Облыс аумағы арқылы халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар өтеді. Осы бағыттармен күн сайын көмір, кен, құрылыс материалдары, металл прокаты және өзге де жүктер тасымалданады.

Қарағанды облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Абай Дәрменбаевтың айтуынша, шамадан тыс жүк артылған бір ғана жүк көлігі жол жабынына мыңдаған жеңіл автокөлікпен бірдей көлемде зиян келтіруі мүмкін.

– Қарағанды облысы арқылы жүк көліктерінің өте қарқынды легі өтеді. Сондықтан салмақ нормаларын сақтау мәселесі ерекше өзекті болып қала береді. Біздің міндетіміз – автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын бүлінуіне жол бермеу және жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Абай Дәрменбаев.

Инспекторлар көлік құралдарының рұқсат етілген жалпы салмағын асыру, осьтік жүктеменің белгіленген мөлшерден артық болуы, арнайы рұқсатсыз ауыр салмақты жүктерді тасымалдау, сондай-ақ рұқсат құжаттарында көзделген талаптарды сақтамау секілді заңбұзушылықтарды анағүрлым анықтайды.

Акция басталғалы Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері шамамен 20 әкімшілік материал рәсімдеген. Оның ішінде 10 іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабының 6-бөлігі бойынша тіркелген.

Осы уақытқа дейін салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн 768 мың теңгеге жетті. Бұдан бөлек, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен ауыр салмақты көлік құралдарының жүргені үшін 537,3 мың теңге көлемінде төлем есептелді.

Шамадан тыс жүк тиелген көлік құралдары тек жол инфрақұрылымына ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың өздеріне де үлкен қауіп төндіреді. Рұқсат етілген салмақтың артуы салдарынан көліктің тежелу қашықтығы ұлғаяды, басқарылуы қиындайды, шиналарға, аспа жүйесіне және тежеу жүйесіне түсетін жүктеме көбейеді. Мұның барлығы жол-көлік оқиғаларының қаупін едәуір арттырады.

Сонымен қатар дәл осындай шамадан тыс жүк артылған көліктер жол жабынының тез бұзылуына себеп болады. Автожолдарда ойық іздер, жарықтар мен шөгулер пайда болып, оларды қалпына келтіру үшін қомақты бюджет қаражаты қажет болады.

– Салмақ параметрлерін сақтау – жай ғана формальды талап емес. Бұл – адамдардың қауіпсіздігі мен автомобиль жолдарының сақталуына тікелей қатысты мәселе. Біз үшін тасымалдаушыларды тек жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен заңбұзушылықтардың алдын алу маңызды, – деп атап өтті Абай Дәрменбаев.

Заңбұзушылық анықталған жағдайда инспекторлар әкімшілік материалдар рәсімдеп, құқық бұзушылықтың сипатына қарай тасымалдаушыларға айыппұл салады. Сонымен қатар ауыр салмақты көлік құралының автомобиль жолымен жүргені үшін тиісті төлем есептеледі.

Егер заңбұзушылық көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген кезеңде анықталып, дара оське түсетін жүктеме белгіленген нормадан асып кетсе, көлік құралы заңбұзушылық жойылғанға дейін немесе уақытша шектеу мерзімі аяқталғанша арнайы тұраққа қойылады.

Инспекция өкілдерінің айтуынша, акцияның алдын алу бағытындағы нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Күшейтілген бақылаудың мобильді көліктік бақылау бекеттері мен салмақ параметрлерін автоматты түрде өлшейтін станциялар арқылы жүргізіліп жатқанын түсінген тасымалдаушылар тәртіпке көбірек бағына бастаған. Науқанның қорытынды нәтижелері ол аяқталғаннан кейін шығарылады.

Бұған дейін Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілгені жайлы хабарлаған болатынбыз.