Өңірде жүздеген мектеп жанындағы алаң мен ондаған лагерь ашылады. Ал әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысына жарты миллиард теңгеден астам қаржы бағытталмақ.
Қарағанды облысында соңғы жылдардағы ең ауқымды жазғы сауықтыру науқандарының бірі басталғалы отыр. 2026 жылы 1–10 сынып оқушыларының шамамен 96 пайызын түрлі демалыс, бос уақытты ұйымдастыру және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған.
Өңір оқушылары үшін жазғы демалыстың бірнеше форматы қарастырылған. Атап айтқанда, мектеп жанындағы алаңдардан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін қала сыртындағы лагерьлерге дейін ұйымдастырылады. Биыл жазда барлығы 13 қала сыртындағы лагерь жұмыс істеп, онда 12 мыңнан астам бала демалады.
Негізгі қамту мектеп жанындағы лагерьлер мен тақырыптық алаңдар арқылы жүзеге асады. Өңір билігі дәл осы форматқа басымдық беріп отыр. Себебі бұл балалардың барынша көп бөлігін қамтуға мүмкіндік береді.
Тамақпен қамтамасыз етілетін 281 мектеп жанындағы лагерьде 31 мыңнан астам оқушыны қабылдау жоспарланған. Балалар үшін спорттық, шығармашылық және дамыту бағдарламалары ұйымдастырылып, күндізгі демалыс пен толыққанды тамақтану қарастырылады.
Бұдан бөлек, жаз мезгілінде тамақтанусыз жұмыс істейтін 568 бейіндік мектеп жанындағы алаң ашылады. Оларға 116 мыңнан астам бала қатыса алады. Бұл алаңдарда үйірмелер, спорт секциялары, зияткерлік және тақырыптық бағдарламалар жұмыс істейді.
Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде мұндай санатқа жататын 8 374 бала тұрады және олардың басым бөлігі биыл жазда тегін демалу мүмкіндігіне ие болады. Осы мақсатқа бюджеттен 509,8 миллион теңге бөлінген.
Балалардың көпшілігі – 6 565 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, тағы 1 191 бала қала сыртындағы сауықтыру орталықтарына жіберіледі.
Тегін жолдамалар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға, мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерге беріледі. Кей жағдайларда олимпиада жеңімпаздарына да қолдау көрсетіледі.
Тізімдерді мектептер әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, ата-аналардың өтініші мен растайтын құжаттары негізінде жасақтайды.
Сонымен қатар ақылы жолдамалар да қарастырылған. Демалыс құны лагерьдің жағдайына, тұру деңгейіне және ауысым ұзақтығына байланысты болады. Орташа есеппен жолдама бағасы 20 мыңнан 180 мың теңгеге дейін өзгереді.
Жазғы науқанға өңірдегі ірі кәсіпорындар да қатысады. Металлургиялық кәсіпорындар қызметкерлерінің балалары үшін Қарқаралы ауданындағы және Теміртаудағы «Факел» мен «Романтик» лагерьлерінде дәстүрлі түрде демалыс ұйымдастырылады. Корпоративтік бағдарламалардың арқасында екі мыңға жуық бала жазғы демалысын сауықтыру орталықтарында өткізеді.
Баланы лагерьге жіберу үшін ата-аналар қажетті құжаттар пакетін дайындауы керек. Олардың қатарында баланың туу туралы куәлігі немесе жеке куәлігі, ата-ананың жеке куәлігінің көшірмесі және медициналық анықтамалар бар.
Міндетті құжаттардың қатарында №071/у нысанындағы анықтама, эпидемиологиялық орта туралы анықтама, екпе мәліметтері және талдау нәтижелері болуы тиіс. Лагерьге барар алдында барлық балаларды дәрігерлер қосымша тексеруден өткізеді.
Лагерьлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі деп жоспарланып отыр. Аумақта тәулік бойы медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Сонымен қатар тамақ сапасы мен ауыз су қатаң бақылауға алынады. Ауырып қалған балалар үшін арнайы оқшаулау орындары мен жедел медициналық көмек қарастырылған.
Бұған дейін Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі елдегі жазғы лагерьлердегі жолдама бағасы қандай факторларға байланысты болатынын түсіндірген еді.