Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адам қаза тапты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қайғылы оқиға Есен өзенінде болған. Құтқарушылар екі ер адам мен бір әйелдің денесін жағадан бірнеше метр қашықтықтан, су астынан тапты. Алдын ала болжам бойынша, балықшылар әлі толық қатпаған мұз ойылып, суға түсіп кеткен.

Фото: Kazinform/ЖИ

17 қараша күні таңертең Шахтинск қаласының үш тұрғыны балық аулауға аттанған. Сағат 06:00 шамасында 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай шамамен 15 шақырым жерде орналасқан Есен өзеніне барған. Алайда үшеуі де үйіне оралмаған.

Жоғалған адамдар туралы хабар Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментіне сағат 23:40-та түскен. Құтқарушылар дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Іздеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізіліп, өзен акваториясы мен жағалау аумағын түгел тексеру қажеттігіне байланысты біршама қиындаған.

— Хабар түскен бойда оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Жоғалғандарды іздеуге ұшқышсыз ұшу аппараты, жылу түсіретін дүрбі, сүңгуірлік жабдықтар және Starlink спутниктік байланыс жүйесі жұмылдырылды. 18 қараша күні сағат 01:18–де құтқарушылар үш адамның да денесін тауып, судан алып шықты, — деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Марқұмдардың денесі жағадан шамамен 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдіктен табылған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД-ның төрт қызметкері, алты құтқарушы, кинологиялық топ және төрт техника жұмылдырылды. Сонымен қатар іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен жоғалғандардың туыстары да қатысты.

Алдын ала мәлімет бойынша, мұз ойылып, балықшылар суға түсіп кеткен. Олардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында мұз енді қата бастаған кезеңде оның үстіне шығу аса қауіпті екенін ескертеді. Тіпті жағалауға жақын жердің өзінде мұз жұқа болып, адам салмағын көтере алмауы мүмкін.

Құтқарушылар тұрғындарды әлі толық қатпаған мұздың үстіне шықпауға және балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Әсіресе, құтқару кеудешесін киюдің маңызы зор.

Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да биыл балық аулап жүрген 6 адам суға батып кеткенін жазғанбыз.