Қарағанды облысында білім саласында 3 мың заң бұзушылық анықталды

Фото: Фото: Қарағанды облысы прокуратурасы

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағанды облысы білім беру мекемелерінде көптеген заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды өңірлік прокуратураның баспасөз қызметі. 

Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты алқа отырысы өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Отырысты ашқан облыс прокуроры балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, аталған бағытта өткізілген тексерулердің нәтижесінде облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі, білім беру, инклюзивті оқыту, фармацевтикалық қызмет, еңбек қатынастары, объектілердің қауіпсіздігі және мемлекеттік сатып алулар салаларында 3 мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

Тексерулердің нәтижелері бойынша 400 қадағалау актісі енгізілді, 1,5 мың лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 100 миллион теңге айыппұл салынды.

117 мың баланың құқықтары қорғалып, 4 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 1 іс бойынша үкім шығарылды, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Алқа уәкілетті органдардың өз функцияларын орындауына мемлекеттік бақылауды күшейту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу міндетін белгіледі.