Қарағанды облысында бір тәулікте 280 гектар аумақтағы 4 табиғи өрт сөндірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында өткен тәулікте жалпы аумағы 280 гектарға жуық төрт табиғи өрт сөндірілді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Шет ауданында Қызылқой ауылынан солтүстікке қарай 4 шақырым жерде 60 гектар аумақта құрғақ шөп өртенген. Өрт толығымен сөндірілді.

Нұра ауданындағы Мыңбаев ауылының маңында 75 гектар аумақта құрғақ шөп пен қамыс жанған.

Абай ауданында екі өрт ошағы тіркелді. Спасск ауылының маңында 70 гектар аумақтағы өрт сөндірілсе, Жаманжол ауылының маңында алдын ала есеп бойынша 75 гектар аумақта құрғақ шөп жанған.

– Өрттерді сөндіру жұмыстары жер бедерінің кейбір учаскелерінің қолжетімсіздігі және желдің екпіні салдарынан қиындады. Кейбір бағыттарда кірме жолдардың болмауы өрт сөндіру техникасының ошақтарға жедел жетуіне кедергі келтірді. Елді мекендерге қауіп жоқ, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Табиғи өрттерді сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, ерікті өрт сөндіру құрылымдарының және ҚР Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің күштері жұмылдырылды.

Жалпы өртті сөндіру жұмыстарына 150-ге жуық адам және 50-ден астам техника қатысты.

Абай ауданындағы жекелеген учаскелерде өрттің қайта тұтануына жол бермеу мақсатында кезекшілік жалғасып жатыр.

ТЖМ тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және өрт немесе түтін байқалған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарлауға шақырды.

Айта кетейік, Абай облысындағы өртті 300-ге жуық адам сөндіріп жатыр.