Қарағанды облысында дала өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM — Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында Суықсу, Қызылту және Ынталы ауылдарының маңында дала өртеніп жатыр. Табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Фото: Видеодан алынған кадр

— Суықсу ауылының маңындағы өрт оқшауланды. Өрт елді мекеннен солтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан таулы-қыратты аумақта құрғақ шөптің тұтануынан шыққан, — деп хабарлады министрліктен.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жұмылдырылған күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіретін жедел штаб құрылды. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерге су себу және қалған ошақтарды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыстарға ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың 200-ге жуық қызметкері мен 60 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Еске сала кетейік, бүгін Жамбыл облысындағы қоқыс полигонындағы өрт шықты.