Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында дала өрттері тіркелді. Өртті сөндіруге 620 адам мен 134 техника жұмылдырылған.
Қарағанды облысы ТЖД мәліметінше, Қарқаралы ауданында 1989 және 1970 жылы туған екі ер адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың бірінің денесінің 10%-ы, екіншісінің 20%-ы күйген. Қазір екеуі де ауруханада жатыр, жағдайлары тұрақты деп бағаланып отыр.
Ең күрделі жағдай Жаңатоғай ауылының маңында сақталған. Мұнда екі топ жұмыс істеп жатыр, 159 адам мен 52 техника жұмылдырылған. Жағдайды бағалау үшін әуеден барлау жүргізілді. Жаңа өрт ошақтары анықталмаған, елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ.
Сонымен қатар Бесоба ауылының маңындағы қыстақтарға жақын жерде тұтанған үш өрт толық сөндірілді.
Ақтоғай және Шет аудандарында өрт ауыздықталып, жағдай тұрақты болып отыр.
ТЖД мәліметінше, өрттің таралуына қатты жел әсер етіп отыр. Өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін департаментте жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
Табиғи өрттерді жою мәселесі Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды. Облыс әкімі өрт жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұған дейін Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында мың гектар аумақты өрт шарпығаны жайлы хабарлаған болатынбыз.