Қарағанды облысында екі аудан мен бір қалаға әкім сайланды

Қарағанды облысында пилоттық сайлау барысында Ақтоғай ауданының әкімін халық таңдады. Аудан бойынша үш үміткер ұсынылды. Руслан Кенжебеков басым дауыспен жеңіске жетті, деп хабарлайды Кazinform. 

Фото: Ақтоған ауданы әкімдігі

Қазақстан бойынша пилоттық сайлауға енгізілген 42 ауданның қатарында Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы болды.

Аудан бойынша сайлауға 39 сайлау комиссиясы, оның ішінде 1 аумақтық және 38 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылды. Олардың құрамында сайлау күні, 5 қарашада комиссияның 213 мүшесі жұмыс істеді. Ақтоғай ауданында барлығы 2 кент, 1 ауыл, 13 ауылдық округ, барлығы 35 елді мекен бар. Аудан тұрғындарының саны – 15 692 адам. Оның ішінде 10 475 сайлаушы бар.

Айта кету керек, Ақтоғай ауданының тұрғындары сайлауда айтарлықтай белсенділік танытты. Дауыс беруге шамамен 75% сайлаушы қатысты.

Бүгін Қарағанды облыстық сайлау комиссиясында сайлау қорытындысы жарияланды.

Аудан әкімі лауазымына 3 кандидат ұсынылды. Қорытындысы бойынша Нұрланбек Жаңабергенов үшін 695 сайлаушы дауысы, Руслан Кенжебеков үшін 5656 дауыс, Нұржан Сейітов үшін 1251 дауыс берді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны - 103.

Есеп бойынша Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков көш бастады. Жаңадан сайланған әкім 1978 жылы осы ауданда Қызыларай ауылында дүниеге келген.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, «Болашақ» Қарағанды университеті және ҚР Жоғарғы Соты Жанындағы Сот төрелігі академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің қылмыстық құқық және процесс кафедрасының оқытушысы болып бастаған. Әр жылдары Қарағанды облысының Әділет департаментінде, Қарағанды қаласы бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясында, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде жұмыс істеген.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін Ақтоғай ауданының әкімі қызметін атқарды.

Қарағанды облысының Осакаров ауданында пилоттық сайлау өтті. Тұрғындардың көпшілігі Руслан Нұрмұханбетовке дауыс берді.

Фото: Осакаров ауданы әкімдігі

Осакаров ауданы – Қарағанды облысы бойынша пилоттық сайлау жобасына енген аудандардың бірі. 21 мыңнан астам халқы бар ауданда 5 қарашадағы сайлауға 41 сайлау учаскесі тартылды.

Сайлау күні 14 мыңнан астам бюллетень берілді. Сайлаушылардың келуі шамамен 70%.

Аудан әкімі лауазымына үш үміткер болды. Оның ішінде 11 595 дауысты Руслан Нұрмұханбетов жинады. Екінші кандидат Ермек Дөненбаев үшін сайлаушылар 1276 дауыс берді, ал Нәсіп Шалабаева үшін 1391 дауыс берілді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 103.

Осылайша, Осакаров ауданының басшысы Руслан Нұрмұханбетов болды.

Ол 1982 жылы Қостанай облысында, Рудный қаласында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Осакаров ауданы Молодежный кенті әкімінің аппаратында бастаған. Әр жылдары Осакаров және Бұқар Жырау аудандары әкімінің аппараттарында қызмет атқарды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін Осакаров ауданы әкімінің міндетін атқарды.

Қарағанды облысының Приозерск қаласында пилоттық сайлау өтті. Жергілікті халық қала басшысы ретінде Мансұр Ахметовті таңдады.

Фото: Приозерск қаласы әкімдігі

Приозерск аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау жөніндегі пилоттық жобаға кірген үш қаланың бірі болды.

Қалада сайлау күні, 5 қарашада 11 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Тізімге енгізілген 6 мыңнан астам сайлаушының 55% - дан астамы дауыс беруге келді.

Қала әкімі лауазымына үш үміткер болды. Оның ішінде Мансұр Ахметов ең көп дауыс жинады. Ол үшін 2664 сайлаушы өз дауыстарын берді. Руслан Койшинге 340 дауыс берілді. Үшінші кандидат Светлана Попченко 477 дауыс жинады. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 19.

Приозерск қаласының жаңадан сайланған әкімі Мансұр Ахметов 1987 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және «Фемида» заң академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2010 жылы туған қаласында жеке компанияда бастаған. Сол жылы Ақмола облысы «Шортанды ауданы бойынша салық басқармасы» ММ салықтық әкімшілендіру бөлімінің бас маманының м.а. болды. Әр жылдары Астана, Щучинск қалалары мен Шортанды ауданының салық басқармаларында жұмыс істеді. Приозерск қаласындағы «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешенінің директоры болды.

2023 жылдың тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Приозерск қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.