Қарағанды облысында экологиялық заң бұзушылықтарға 57 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысында жыл басынан бері жүргізілген экологиялық бақылау шараларының нәтижесінде жүздеген заң бұзушылық анықталып, ондаған миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар өңірдегі стихиялық қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасып жатыр: анықталған 500 нысанның 479-ы тазартылды.

Фото: Pixabay

Жыл басынан бері Қарағанды облысында 100 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеру жүргізілді. Оның ішінде мамандар нысандарды аралап, 15 профилактикалық бақылау, 73 жоспардан тыс тексеру және рұқсат беру талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында 12 тексеру өткізді.

Тексеру қорытындысында экологиялық заңнама талаптарының 331 рет бұзылғаны анықталды. Заң бұзушылықтарды жою жөнінде 173 нұсқама беріліп, оның 142-сі орындалды. Құқық бұзушыларға қатысты 244 әкімшілік ықпал ету шарасы қолданылды. Оның ішінде 73 жағдайда ескерту жасалды.

— Біздің міндетіміз — заң бұзушылықты анықтап, айыппұл салумен ғана шектелу емес. Ең маңыздысы — анықталған кемшіліктердің жойылуын қамтамасыз етіп, олардың қайталануына жол бермеу. Сондықтан берілген нұсқамалардың орындалуы жеке бақылауға алынған, - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті.

Сотқа 19 материал жолданды. Сот шешімдері бойынша салынған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 57,5 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, уәкілетті орган жалпы сомасы 114,6 млн теңге болатын 152 айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Аталған сома толық өндірілді.

Өңірде рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою бағытындағы жұмыстар да жалғасып келеді. «НК «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ мәліметінше, облыс аумағында 500 стихиялық қоқыс орны анықталған. Бүгінде олардың 479-ы, яғни 96%-ы жойылды. Қалған 21 қоқыс орнын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

— Қоқыс орындарына қатысты мәселені шешу үшін қалыптасқан ластану ошақтарын тазарту жеткіліксіз. Ең бастысы — олардың қайта пайда болуына жол бермеу. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан да, тұрғындар тарапынан да тұрақты бақылау қажет, - деп атап өтті департамент өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, экологиялық бақылау шаралары 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Бұған дейін Батыс Қазақстанда экология саласында 115 заң бұзушылық анықталғанын хабарлаған болатынбыз.