Қарағанды облысында хоккейші мұз айдынында көз жұмды

Фото: Видеодан скрин

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласында өткен әуесқой хоккейшілер кездесуі қайғылы аяқталды. Матч басталмай жатып, ойыншылардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Көрсетілген алғашқы көмекке қарамастан, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.

Қайғылы оқиға өткен сенбі күні Түнгі әуесқой хоккей лигасы аясындағы матч кезінде тіркелген. Ойын іс жүзінде басталып үлгермеген: салтанатты сапқа тұру барысында хоккейшілердің бірі есінен танып, мұз айдынына құлаған.

Лига өкілдерінің мәліметінше, оқиға орнында болғандар алдымен алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрекеттенген, кейін жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Алайда дәрігерлер келгенге дейін ер адам көз жұмған.

— Ойыншы матчтың басында, сапқа тұру кезінде кенеттен өзін жайсыз сезінді. Ол есінен танып, құлап түсті. Өкінішке қарай, көмектесе алмадық, — деді хоккей лигасының басшысы Константин Спицын.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы аталған ақпаратты растады.

— Ер адам жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін қайтыс болған. Фельдшерлер өлім фактісін ғана тіркеді, — деп мәлімдеді ведомство.

Белгілі болғандай, марқұм 46 жаста болған. Ол «СКА-Приозерск» командасының ойыншысы, Ресей Федерациясының азаматы. Қарағанды қаласына қызметтік іссапармен келген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол кәсіби спортшы болмаған — өзге қатысушылармен бірге жұмыс күнінен кейін әуесқой матчқа қатысқан.

Ер адамның қайтыс болу себептері әзірге жарияланған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, Өскеменде хоккейші өліміне қатысты сот үкімі шыққан болатын