Қарағанды облысында хоккейші мұз айдынында көз жұмды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласында өткен әуесқой хоккейшілер кездесуі қайғылы аяқталды. Матч басталмай жатып, ойыншылардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Көрсетілген алғашқы көмекке қарамастан, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.

Фото: Видеодан скрин

Қайғылы оқиға өткен сенбі күні Түнгі әуесқой хоккей лигасы аясындағы матч кезінде тіркелген. Ойын іс жүзінде басталып үлгермеген: салтанатты сапқа тұру барысында хоккейшілердің бірі есінен танып, мұз айдынына құлаған.

Белгілі болғандай, марқұм 46 жаста болған. Ол «СКА-Приозерск» командасының ойыншысы, Ресей Федерациясының азаматы. Қарағанды қаласына қызметтік іссапармен келген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол кәсіби спортшы болмаған — өзге қатысушылармен бірге жұмыс күнінен кейін әуесқой матчқа қатысқан.

Ер адамның қайтыс болу себептері әзірге жарияланған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, Өскеменде хоккейші өліміне қатысты сот үкімі шыққан болатын