Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысын тексеру мақсатындағы жұмыс сапары аясында Теміртаудағы «Qarmet» АҚ өндірістік нысандары базасында құрылған № 641 және № 642 жаңа сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты.
Кәсіпорындар аумағында сайлау учаскелерін ашу мүмкіндігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде пайда болды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, мұндай учаскелер осы сайлау науқаны барысында алғаш рет ашылып отыр және олардың басты мақсаты — үздіксіз өндірісте еңбек ететін азаматтар үшін дауыс беру үдерісін барынша қолжетімді ету.
— Біз дауыс беру күні ауысымда болатын зауыт жұмысшыларының өздерінің конституциялық құқықтарын дәл осы жұмыс орнында жүзеге асыра алатынына көз жеткізу үшін келдік, — деді Нұрлан Әбдіров.
Жалпы Қарағанды облысында осындай форматтағы төрт сайлау учаскесі құрылды. Оның үшеуі Теміртау мен Балқаштағы «Qarmet» АҚ өндірістік алаңдарында орналасса, тағы бірі Нұра ауданындағы вахталық кентте ашылды.
№ 642 сайлау учаскесінде шамамен 1900 сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ольга Васютинаның айтуынша, дауыс беру күні кәсіпорынның шалғайдағы цехтарында еңбек ететін қызметкерлерді алдын ала келісілген кестеге сәйкес автобустармен тасымалдау ұйымдастырылады.
— Бұл өте қолайлы. Адамдар өндірістен қол үзбей дауыс бере алады. Көптеген жұмысшы таңғы сағат жетіден кешкі уақытқа дейін ауысыммен еңбек етеді және өткізу жүйесіне байланысты кәдімгі сайлау учаскесіне барып үлгермейтін жағдайлар болады. Енді олар кәсіпорын аумағында дауыс беріп, кейін қайтадан жұмыс орындарына жеткізіледі, — деді ол.
«Qarmet» АҚ цех бастығының міндетін атқарушы Илья Малига да бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
— Бұл біздің және көршілес цехтардың қызметкерлері үшін тиімді тәжірибе. Жұмысшыларға кәсіпорын аумағында дауыс беру өте ыңғайлы, сондықтан мұндай бастаманы орынды деп санаймын, — деді ол.
Жұмыс сапары барысында Нұрлан Әбдіров Қарағанды қаласындағы № 16 сайлау учаскесінде орналасқан оқу-модульдік орталықта болып, мүгедектігі бар азаматтардың өз бетінше дауыс беруі үшін жасалған жағдайлармен танысты. Учаске көтергіш құрылғымен, арнайы дауыс беру кабиналарымен, Брайль қарпімен дайындалған трафареттермен, бюллетеньнің аудионұсқасымен және қолжетімділікті қамтамасыз ететін өзге де құралдармен жабдықталған.
— Біз мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын көріп отырмыз. Көзі көрмейтін және көру қабілеті төмен азаматтармен қатар, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға да барлық қажетті жағдай жасалған. Мұндай тәсіл сайлау құқығының теңдігі қағидатын толық көрсетеді, — деді «Qamqor plus» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндиталиев.
Сапар аясында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өңірдің Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңесте сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, дауыс беру күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау комиссияларының жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін дауыс беру күніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібіне арналған тәжірибелік сабақтар мен тестілеуді қамтыған оқыту семинары ұйымдастырылды.
Қарағанды облысында сайлауға барлығы 639 сайлау учаскесі дайындалды. Онда учаскелік сайлау комиссияларының 4 331 мүшесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне өңірдің шамамен 760 мың тұрғыны енгізілген.
Бұған дейін Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнамаға сай, респонденттердің 72,3%-ы жаңа Құрылтай үшін дауыс беруге дайын екенін хабарлаған болатынбыз.