Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық пункт ашылды
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық пункт ашылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысы Шет ауданы Еңбекшіл ауылында жаңа медициналық пункт жұмысын бастады. Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен салынды.
Медициналық пункт 200-ден астам тұрғынға қызмет көрсетуге арналған және заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Ғимаратта дәрігерге дейінгі қарау, тексеру және ем-шаралар кабинеттері бар. Шұғыл жағдайларға жедел ден қою үшін мекемеге аудандық аурухананың реанимобиль көлігі бекітілген.
Шет ауданында ашылған медициналық пункт өңірде қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан жалғыз медициналық жоба емес. Жыланды ауылында да жаңа медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр.
Қарағанды облысында Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражатқа жоспарланған 51 медициналық мекеменің 24-і салынды, оның 11-і пайдалануға берілді. Қалған 27 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Оларды тапсыру биыл қыркүйек айының соңына жоспарланған.
Жаңа медициналық нысандарды ашу бойынша жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Бүгінгі таңда 655 жобаның 540-ы жүзеге асырылды.
Осыған дейін екі жыл ішінде 850 млрд теңгенің активтері қайтарылғаны туралы жаздық.