Қарағанды облысында қоғамдық көлікте жолақы төлеудің жаңа тәсілі іске қосылады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысының бес қаласында қоғамдық көлікте жолақы төлеудің қосымша цифрлық форматы енгізіледі.
3 ақпаннан бастап жолаушылар автобустардағы жолақыны банктердің мобильді қосымшалары арқылы ONAY! QR-кодын пайдаланып төлей алады. Жаңа мүмкіндік қолданыстағы төлем тәсілдерін алмастырмай, жолаушыларға қосымша қолайлы жағдай ұсынады.
Жаңа тәсілді 3-ші ақпаннан бастап Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларының тұрғындары қолдана бастайды.
Жолаушылар автобус ішіндегі арнайы стикерлерде орналастырылған QR-кодты сканерлеу немесе көлік кодын мобильді қосымшада енгізу арқылы жолақы төлей алады. Бұл шешім ONAY! цифрлық платформасының функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық көлікті пайдаланудағы сервис деңгейін арттырады.
Ал жолақы төлеудің дәстүрлі тәсілдері толық сақталады.
Атап айтқанда, ONAY! көлік карталарының барлық түрлері — виртуалды, бірыңғай және жеңілдік карталар, ONAY! мобильді қосымшасы, сондай-ақ ұялы байланыс операторы арқылы SMS төлем қызметі қолданыста қала береді.
– Жүйе іске қосылғаннан бергі төрт жыл ішінде жолаушыларға, тасымалдаушыларға және жергілікті атқарушы органдарға ыңғайлы әрі тиімді модель қалыптасты. ONAY! жүйесі өзінің тұрақтылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Ал банктік қосымшалар арқылы төлем енгізу – жүйенің кезең-кезеңімен дамуының кезекті қадамы, – деді «Алматы қаласының көлік холдингі» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Андрей Мустопуло.
ONAY! жүйесі Қарағанды қаласында 2021 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Осы уақыт ішінде өңірде 326 мың жеңілдік картасы шығарылып, 955 автобус пен 7 трамвайға шамамен 1 900 ONAY! терминалы және 6 мыңға жуық QR-стикер орнатылды. Бүгінде облыстың бес қаласында 22 автопарк 121 бағыт бойынша қызмет көрсетіп отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан қалаларындағы автобус жолақысының құны туралы жазған болатынбыз.