Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген импортты алмастыру және отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларды іске асыру аясында жүзеге асырылады.
Тиісті инвестициялық келісім Денсаулық сақтау министрлігі мен Қарағанды фармацевтикалық кешені арасында жасалған. Қаулыға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қол қойды.
Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 42,5 млрд теңгені құрайды.
Бұл жоба фармацевтикалық өндірісті локализациялауды тереңдетуге және жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды дамытуға бағытталған саладағы ең ірі инвестициялық бастамалардың біріне айналмақ.
Жоба аясында дәрілік заттардың 74 атауын өндіру жоспарланып отыр.
Өндірістік желі медицинаның маңызды бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық препараттар шығарылмақ.
Сонымен қатар зауытта иммунобиологиялық және өзге де жоғары технологиялық дәрілік өнімдер өндірісі жолға қойылады.
Кәсіпорында әлемдік стандарттарға сай белсенді фармацевтикалық ингредиенттер, биологиялық және биотехнологиялық өнімдер синтезі жүзеге асырылады.
– Бұл жоба фармацевтика саласын дамытудың мемлекеттік басымдықтарына толық сәйкес келеді, – делінген хабарламада.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Қарағандыда 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Үкімет мәліметінше, Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артқан.
Инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 91,3 млн доллардан 142,8 млн долларға дейін ұлғайған.
Сонымен қатар 2025 жылғы желтоқсаннан бері салада жалпы сомасы 360 млрд теңгені құрайтын жеті инвестициялық келісім жасалды. Олар 474 дәрілік зат өндіруге және 1170-тен астам тұрақты жұмыс орнын ашуға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстан соңғы жылдары дәрілік қауіпсіздікті күшейту және отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Бұған дейін Олжас Бектенов жеңіл өнеркәсіпті дамыту тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.