Қарағанды облысында күшті жел салдарынан құлаған ағаштар көліктерді басып қалып жатыр

Қарағанды облысында күшті жел салдарынан 70-тен астам ағаш құлап, 10 ғимараттың шатырын ұшырып кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Pixabay

«Қарағанды облысының аумағында желдің екпіні 25 м/с дейін күшеюі нәтижесінде 8 әкімшілік ғимараттың, бір көппәтерлі тұрғын үйдің және бір жер үйдің шатырының бөліктері ұшып кеткен. Облыстың кей жерлерінде жарық сөніп қалған. Сондай-ақ, облыс орталығында ағаштардың құлауы туралы 50 хабарлама және Теміртау қаласы бойынша 20 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 4 жағдайда ағаштар көліктерге құлаған (3 жағдай Қарағанды қ. 1 жағдай Теміртау), - деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.

19 қарашада облыста қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады деген болжам бар. Осыған байланысты Тһтенше жағдайлар департаменті облыстың барлық тұрғындарынан жел күшейген кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын және аса қажет болмаса көшеге шықпауын және елді мекендерден тыс жерлерге жол жүрмеуін өтінеді. Сондай-ақ ауа райының өзгеруін, облыс жолдарындағы қозғалыс шектеулерін, ТЖД ресми сайттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын қадағалау керектігі жайлы ескерту жасады.