Қарағанды облысында өрт қаупі жоғары кезең басталғалы 17 орман өрті және 100 дала аумағында жану оқиғасы болған. Оның төртеуі дала өрті ретінде тіркелсе, тағы 96 жағдай – үлкен аумаққа таралмай тұрып сөндірілген дала жануы ретінде тіркелген.
– Табиғи өрттердің басым бөлігі шағын ошақтан басталады. Егер жану дер кезінде анықталмаса, әсіресе қатты жел кезінде, от құрғақ өсімдіктер арқылы өте жылдам таралады, – деп атап өтті Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.
Ірі өрттердің алдын алу мақсатында өңірде профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Қалалар мен аудандарда құрамына 320 маман кіретін 93 мобильді топ құрылды. Олардың қатарында Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті полиция қызметінің, орман шаруашылықтарының және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бар.
Маусым басталғалы мобильді топтар 576 рейд жүргізді. Олардың міндеті – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушыларды анықтау ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға құрғақ шөпті өртеу, рұқсат етілмеген жерлерде от жағу және отпен абайсыз жұмыс істеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру.
Дала және орман алқаптарына жақын орналасқан шағын ауылдарға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда 148 елді мекеннің өртке қарсы қауіпсіздігін 66 өрт сөндіру бекеті қамтамасыз етеді. Оның 24-і тәулік бойы жұмыс істесе, тағы 42-сі өрт қаупі жоғары маусым кезеңінде қызмет атқарады.
Сонымен қатар өртке қарсы бөлімшелер желісі кеңейтіліп жатыр. Биылдың өзінде 18 жаңа өрт сөндіру бекетін ашу, ал қолданыстағы 14 бекетті жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл шалғай орналасқан елді мекендерге өрт сөндіру бөлімдерінің жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
– Оқиға орнына бөлімшелер неғұрлым тез жетсе, өртті бастапқы кезеңінде оқшаулау және оның тұрғын үйлерге немесе үлкен дала аумақтарына таралуына жол бермеу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, – деп атап өтті Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылар ыстық ауа райы мен қатты жел кезінде шағын ғана өрт ошағы санаулы минуттар ішінде ауқымды өртке айналуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан өңір тұрғындарынан арнайы белгіленбеген жерлерде от жақпауға, құрғақ өсімдіктерді өртемеуге және кез келген байқалған өрт туралы бірден 112 нөміріне хабарлауға шақырады.
Мамандардың айтуынша, куәгерлердің дер кезінде хабар беруі көбіне өртті табиғатқа және елді мекендерге елеулі зиян келтірмей тұрып тоқтатуға мүмкіндік беретін шешуші факторға айналады.
Бұған дейін Ақтөбеде биыл орман өрті 57 пайызға көбейгенін хабарлаған болатынбыз.