Қарағанды облысында өзендердегі мұздың еруі тасқын қаупін тудыра ма

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Өңірдегі су айдындарының басым бөлігінде мұздың қозғалысы мен су деңгейінің көтерілуі байқалып отыр. Соған қарамастан, тасқын жағдайы құтқару қызметтерінің толық бақылауында.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД

Қарағанды облысында өзендердегі маусымдық су көтерілу кезеңі жалғасып жатыр. Бұл үдеріс мұздың қарқынды еруімен қатар өрбіп отыр. Қазгидрометтің күнделікті гидрологиялық бюллетеніне сәйкес, бірқатар учаскеде көктем мезгіліне тән табиғи құбылыстар тіркеліп отыр: су мұз қабатының үстіне шығып, жекелеген тұстарда оның бұзылуы мен жылжуы байқалады.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД

Нұра, Шерубайнұра, Соқыр, Топар және өзге де өзендерде мұз үстімен су ағуы, ішінара мұз қату құбылыстары мен жағалаулық мұз қалыптасқан. Бұқар жырау және Нұра аудандарын қоса алғанда, кейбір аумақтарда тәулік ішінде су деңгейі едәуір көтерілгенімен, ол белгіленген қауіпсіз шектерден аспайды. Жекелеген учаскелерде мұздың қарайып, құрылымының әлсірегені байқалады — бұл өзендердің жақын күндері мұздан босайтынын білдіреді.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД

Ірі су қоймаларындағы жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, Самарқанд және Шерубай-Нұра су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Су жиналу көрсеткіші тұрақты бақылауда және қауіпсіз деңгейден аспайды.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде өңірдегі гидрологиялық ахуалдың бүгінгі таңда тұрақты екені атап өтілді. Гидробекеттерде тіркелген су деңгейі қауіпті межелерге жеткен жоқ, тұрғын үйлерді су басу және автожолдарда тасқын сулардың жайылу фактілері анықталмаған.

Наурыз айының ортасынан бері өңірде ауқымды алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Құтқарушылар әскери бөлімдермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қорғаныс бөгеттерін нығайту, инертті материалдар толтырылған қаптарды төсеу, сондай-ақ су өткізу жүйелерін тазарту жұмыстарын істеп жатыр. Бүгінде мыңдаған қап әзірленіп, арық желілері тазартылып, жүздеген су өткізу құбырлары аршылды.

Фото: Қарағанды облысы ТЖД

Сонымен қатар өзендерде мұз кептелісінің алдын алу мақсатында 12 учаскеде жару жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар Бұқар жырау, Абай, Осакаров, Нұра, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында жүзеге асырылды.

Төтенше жағдайлар департаменті ахуал тәулік бойы үздіксіз бақылауда екенін мәлімдейді.

Тасқын қаупі бар аймақтарда тұрақты кезекшілік ұйымдастырылып, кез келген өзгерістерге жедел әрекет ету арқылы халық үшін ықтимал қауіп-қатерлерді барынша азайтуға мүмкіндік жасалған.

Бұған дейін елде су тасқыны қаупі бар жол учаскелері азайғаны туралы хабарланған болатын.