Қарағанды облысында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Фото: Polisia.kz

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Криминалдық полиция қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 35-39 жас аралығындағы үш ер адам ұсталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер алдын ала сөз байласып, қылмысты нақты жоспарланған схема бойынша жасаған. Жыл басында олар Лобода көшесіндегі тұрғын үйлердің біріне металл қоршау мен пластик терезені күшпен бұзып кірген.

Үйден шамамен 40 атаудан тұратын алтын бұйымдар мен гауһар тастары бар әшекейлер, күзен тон және ноутбук ұрланған. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 20 миллион теңгеден асқан.

Аса ірі көлемдегі ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицейлер олардың өңір аумағында тіркелген өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Бұған дейін де Алматыда пәтерлерге ұрлыққа түсіп жүрген күдікті ұсталды.