Қарағанды облысында республикалық маңызы бар жолдың 32 шақырымы жөнделіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» республикалық маңызы бар автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

Фото: ҚазАвтоЖол

Жөндеу жұмыстары аталған автожолдың 217-249 шақырым аралығында жүргізілуде.

Жоба аясында 5,2 мың шаршы метр аумақта жол ақаулары жойылды. Сонымен қатар 10,5 шақырымда асфальтбетон жабыны жонылып, 10,4 шақырымда жаңа материал қосу арқылы суық жону әдісімен жол негізі нығайтылды.

Бұдан бөлек, 4,8 шақырымда ірі түйіршікті асфальтбетоннан төменгі жабын қабаты төселді.

– Орташа жөндеу жұмыстары жол жабынының сапасын жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді компания.

Айта кетейік, ШҚО-да жолдағы шұңқырларды жөндеудің жаңа технологиясы қолданыла бастады.