Қарағанды облысында сағат 10:00-ге дейін 106 мыңнан астам сайлаушы дауыс берді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дауыс берудің алғашқы төрт сағатында 106 мыңнан астам тұрғын қатысты. Сағат 10:00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың 14,01 пайызы дауыс беріп үлгерген.

Фото: Астана әкімдігі

Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып әскери қызметшілер қатысты. Әскери бөлімдер аумағында орналасқан жеті сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 06:00-де басталды.

Жалпы, облыста он сайлау учаскесі белгіленген уақыттан ерте ашылды. Олардың қатарында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Абай ауданындағы әскери бөлімдерде орналасқан учаскелер, сондай-ақ өңірдің үш елді мекеніндегі сайлау учаскелері бар. Бұл учаскелердегі сайлаушылар тізіміне 3 993 адам енгізілген.

Аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, сағат 10:00-ге дейін 106 142 азамат дауыс беріп, өздерінің конституциялық құқығын пайдаланды. Қарағанды облысында сайлаушылар тізіміне барлығы 757 629 адам енгізілген.

Бұл сайлауда 214 депутаттық мандат сарапқа салынып жатыр. Бірмандатты аумақтық сайлау округтеріндегі 196 орынға 587 кандидат үміткер. Ал облыстық мәслихаттағы 18 мандат партиялық тізімдер бойынша бөлінеді. Сайлауға алты саяси партия қатысып, өз атынан 81 кандидат ұсынған.

Сайлау барысын қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, сондай-ақ кандидаттардың өкілдері бақылап отыр. Учаскелерде 822 байқаушы, 69 сенім білдірілген адам және бұқаралық ақпарат құралдарының тоғыз өкілі тіркелген. Жалпы, кандидаттардың 1 142 сенім білдірілген өкілі тіркеуден өткен.

Қазіргі уақытта облыстағы сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр. Аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процесінің барысын қадағалап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан бойынша мәслихат депутаттарының сайлауына сайлаушылардың қатысу көрсеткіші сағат 10:00-де 12,31 пайыз болғанын хабарлаған еді.