Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету заңдылығына жүргізілген талдау барысында табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарының 640-тан астам бұзушылығы анықталды.
Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар - инвесторлардың өтініштерін қарау мерзімдерін сақтамау, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды беруден негізсіз бас тарту, құжаттарға артық талаптарды енгізу, сондай-ақ бос қуаттардың бар екендігі туралы ақпаратты жасыру фактілері.
Қадағалау іс-шараларының нәтижелері бойынша және Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен прокуратура органдары қадағалау актілерін енгізді. Оларды қарау қорытындысы бойынша бес табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапқа тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асты.
Көрсетілген жағдайлардың бірін Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы ауданының прокуратурасы анықтады. Табиғи монополия субъектісі инвестордың өндірісті кеңейту және инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті электр қуатын ұлғайту бойынша өтінішін қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан.
Прокуратураның араласуы нәтижесінде кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді: заң бұзушылықтар жойылып, инвесторға техникалық шарттар берілді және электр қуатының көлемі қажетті деңгейге дейін ұлғайтылды.
Қызмет көрсетуден заңсыз бас тартқаны үшін табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауапқа тартылып, оған 605 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісі бойынша пайдаланылмай жатқан электр қуатының көлемі босатылды. Бұл шешім жаңа тұтынушыларды электр желілеріне қосуға, бизнес үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға және өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау, инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді жою прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып саналады.