Қарағанды облысында үйірлі шегірткеге қарсы фитосанитариялық шаралар жүргізіліп жатыр

Фото: Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ҚАРАҒАНДЫДА. KAZINFORM -  2025 жылы Қарағанды облысының аумағында аса қауіпті және қауіпті зиянды организмдерге қарсы зерттеу жұмыстарын 5,4 млн гектар аумақта жүргізу жоспарланған. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады. 

— Оның ішінде үйірлі шегіртке зиянкестеріне — 1 264,07 мың гектар аумақ. Мониторингтік зерттеулер сәуір айында басталып, қазіргі таңда 237,29 мың гектар зерттеліп, оның 8,582 мың гектарында шегірткелердің қоныстануы тіркелді, — делінген АШМ хабарламасында.

Фитосанитариялық мониторинг пен өңдеу жұмыстарына барлығы 136 адам жұмылдырылған. Бұл қатарда «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығы» мамандары, уақытша анықтаушылар, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен инспекторлар бар.

— Биыл алғаш рет пилоттық режимде бір конкурс арқылы пестицидтерді сатып алу, тасымалдау, химиялық өңдеу және залалсыздандыру жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, шегірткелерге қарсы күресте агродрондар қолданылып жатыр. Үйірлі шегіртке — итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 59 300 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі таңда 4 502 гектар жер өңделді. Атап айтқанда, Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарында аса жеңіл авиация, агродрондар және жер үсті бүріккіштері арқылы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Жұмыстар мамыр–шілде аралығында жалғасады. Фитосанитариялық ахуал тұрақты бақылауда. 

Айта кетелік Қызылорда облысы Арал ауданының елді мекендерінде шегіртке қаптап кеткеніне байланысты министрлік жауап берген еді.