Қарағанды облысында заңсыз қазылған үш карьер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM- Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндіруді тоқтатты.

Фото: видеодан алынған скрин

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз кен өндіруді «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС директоры ұйымдастырған. Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен. Бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

Кен өндіру жұмыстары жер қойнауын пайдалануға тиісті құқықсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Жұмысқа жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар сияқты арнайы техникалар тартылған.

Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

-Тексеру барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталды. Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды,-делінген хабарламада.

Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Осыған дейін ҚМА Жетісу облысында 1,5 млрд теңгелік алтын құрамды кенді заңсыз әкету әрекетін тоқтатқан болатын.