Қарағанды облысында жаңғыртудан өткен үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағанды облысында вокзалдарды жаңғырту бағдарламасы аясында Нұра, Қарағанды-Сұрыптау және Жаңа Қарағанды станцияларындағы теміржол вокзалдары, сондай-ақ Шет ауданындағы Айса станциясының жолаушылар платформасы пайдалануға берілді.

Фото: Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқа бағдарламаға облыстан 14 теміржол вокзалы мен жолаушылар платформасы енген болатын. Бүгін пайдалануға берілген нысандар алғашқылардың бірі. Жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, қолайлы жағдай жасауға және көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңғыртуға бағытталған.

Фото: Көлік министрлігі

Жұмыс барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі үй-жайлары толық жаңартылды, инженерлік желілер, жылыту, сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылды. Вокзалда заманауи күту аймақтары жасалып, навигация жақсартылды, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.

Фото: Көлік министрлігі

Жаңғыртылған маңызды нысандардың бірі – 1965 жылы салынған Қарағанды-Сұрыптау станциясының вокзалы. Ұзақ жылдар пайдаланылған ғимарат кешенді жаңартуды қажет етті. Бүгінде вокзал толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сәйкес келтірілді. Бұл станция арқылы тәулігіне 21 жолаушылар пойызы қатынайды.

- Өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жаздың соңына дейін Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дария, Жарық, Мырза және Сарыбел станцияларындағы вокзалдарды, сондай-ақ Теміртау мен Сарышаған станцияларындағы жолаушылар платформаларын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр,-делінген хабарламада.

Фото: Көлік министрлігі

Жалпы, Қазақстан бойынша жаңғырту бағдарламасы аясында 124 теміржол вокзалы қайта жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар көлік қызметтерінің сапасын арттыруға, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға және жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Осыған дейін еліміздің үш өңірінде жаңартылған бес теміржол вокзалы ашылған болатын.