Қарағанды облысында жол апаты жиілеп барады: биыл 500 дерек тіркелді

Фото: ҚазАвтоЖол

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды өңіріндегі жол-көлік оқиғаларының өсімі қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Биыл облыста 500-ге жуық апат тіркеліп, 101 адамның өмірі қиылды. Түрлі деңгейде жарақат алғандардың саны 600-ден асты.

Сарапшылардың айтуынша, ең қатерлі аймақтардың бірі – «Қарағанды – Балқаш» автожолы. Сегіз айдың ішінде бұл жерде 51 жол апаты орын алған. Салдарынан 34 адам қаза тапса, ондаған азамат ауыр жарақат алды.

Дәрігерлердің сөзінше, апаттардың сипаты да өзгерген.

– Соңғы кездері бір жол апатында бірден бірнеше адам зардап шегетін жағдай жиілеп кетті. Әсіресе микроавтобустар қатысқан кезде бірден 3–4 адам жарақат алады. Соған байланысты травматология бөліміне түсетін науқастар күрт көбейді, – дейді Балқаш көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Серікбол Түсіпбеков.

Балқашта салынып жатқан жаңа аурухана корпусы осы қажеттіліктен туындап отыр. Онда заманауи операциялық зал мен қабылдау бөлімі болады, сондай-ақ аймақтық травматология орталығы ашылады. Жоспар бойынша, науқастарға томография, УДЗ және басқа да зерттеулер жедел жасалып, кешенді тексеруден бірнеше минутта өтуге мүмкіндік беріледі.

Дегенмен медицинаның жаңа мүмкіндіктері адам өмірін сақтап қала алмайды. Полиция мәліметінше, қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – жылдамдықты шектен тыс асыру, жол ережесін елемеу және жүргізушілердің рульде қалғып кетуі.

Жол апатының алдын алу үшін трассада бірқатар шаралар атқарылуда: жол төрт жолаққа кеңейтіліп, бөлу қоршаулары мен түнгі уақытта бағдар беретін жарық шағылыстырғыш элементтер орнатылды.

– Жақын арада жол бойына LED-экрандары бар 30 ақпараттық арка орнатамыз. Олар бейнебақылау камераларымен жабдықталады. Экрандарда жолдың жай-күйі, ауа райы мен қозғалысқа қатысты шектеулер туралы ақпарат нақты уақыт режимінде көрсетіледі. Бұл көптеген апаттың алдын алуға сеп болады, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Қарағанды филиалы директорының орынбасары Айбек Амантаев.

Алайда мамандар қанша сақтық шаралары қабылданса да, ең басты жауапкершілік жүргізушінің өзіне жүктелетінін айтады. Жолдағы әрбір апат – бейқамдықтың құны тым қымбат екенін көрсетеді.

Осыған дейін Ақмола облысындағы «Астана-Петропавл» тас жолындағы жол апатынан жасөспірім көз жұмғаны жайлы жазған болатынбыз