Қарағанды облысында жол апатынан бес адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында үш көліктің соқтығысуы салдарынан бес адам жан тапсырды.
«Оқиға Қарағанды облысындағы Абай қаласы мен Дубовка ауылы арасында, "Қызылорда – Павлодар" тас жолының 931-ші шақырымында 9 маусым күнгі сағат 22.23-те болды. Audi, Chevrolet Cobalt, және Toyota Previa көліктерінің соқтығысуы салдарынан 5 адам мерт болды. Атап айтсақ, Chevrolet көлігінің 22 жастағы жүргізушісі мен төрт жолаушысы оқиға орнында көз жұмды», - делінген жергілікті полиция департаменті таратқан хабарламада.
Ал екі жолаушы ауруханада жатыр.
«Екі адамның жағдайы ауыр, оларға ауруханада тиісті көмек көрсетілуде», - деді Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы басшылығы.
Айта кетейік, күні кеше "Алматы-Өскемен" тасжолының 55-шақырымында тағы бес адамның өмірін қиған көлік апаты болды.