Қазан айының басынан бері Қарағанды облысында ЖРВИ-дің 39 290 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе аз. Сонымен қатар өңірде аурушаңдық деңгейі эпидемиологиялық шектен асқан жоқ.
Ауырғандардың басым бөлігі – балалар, тіркелген жағдайлардың 55 пайызы. Әзірге мектептердегі жағдай да тұрақты. Бірде-бір сыныпта сырқаттанған оқушылардың үлесі 20 пайызға жетпеген. Ал бұл көрсеткішке жеткен жағдайда инфекцияның таралуын шектеу үшін тиісті шаралар қарастырылады.
Жалпы аурушаңдық төмендегенімен, тұмау жұқтыру деректері де тіркеліп жатыр. Эпидемиологиялық маусым басталғалы зертханалық талдау нәтижесінде А типті (H1N1) тұмаудың алты жағдайы расталған. Науқастардың екеуі – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың ешқайсысы тұмауға қарсы вакцина алмаған.
Бұдан бөлек, өңірде риновирус, бокавирус, аденовирус және парагрипп вирустары да анықталып отыр. ЖРВИ белгілерімен дәрігерге қаралған науқастардан алынған 381 сынаманы зерттеу нәтижесінде аталған вирустар анықталған қоздырғыштардың 37 пайызын құраған.
Ал тұмауға қарсы екпе салу науқаны жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде Қарағанды облысында 120 мыңнан астам тұрғын вакцина алған.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 1,5 айдың ішінде 17,5 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.