Қарағанды облысында жүк көліктеріне 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды — Балқаш және Қарағанды — Астана бағытындағы трассаларда жүк пен жолаушы тасымалы ережелерін бұзу деректері жиі тіркеліп отыр. Соңғы тексерістердің қорытындысы бойынша тасымалдаушыларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 8 миллион теңгеден асты. 

Фото: Айзада Ағылбаева/Kazinform

Облыстық көлік бақылау инспекциясының мәліметінше, бұл жолдарда 21 құқық бұзу анықталған.

— Ең жиі кездесетіндері — көліктің салмақтық және көлемдік нормаларын асыра жүктеу, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтамау, сондай-ақ ақылы жолдар үшін төлемдерді уақытылы төлемеу, — деп түсіндірді инспекцияда.

Қазір Алматы — Қарағанды тас жолында тәулік бойы жұмыс істейтін жылжымалы көлік бақылау бекеті бар. Тағы бір бекет Қарағанды — Осакаровка учаскесін патрульдеуде. Жақын уақытта екі автоматтандырылған өлшеу станциясы іске қосылмақ. Олар «Сергек» жүйесі бойынша жұмыс істейді: заңбұзу туралы хабарлама ауыр жүк көліктерінің иелеріне автоматты түрде жолданады.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда Қарағанды — Балқаш және Қарағанды — Астана бағытындағы жолдарда ірі ақаулар жоқ. Дегенмен мамандар артық жүктеме жолдың ойылып, шөгуі мен жарықшақтардың тез пайда болуына тікелей әсер етеді деп мойындайды.

— Мұндай заң бұзу жолдың межеленген қызмет ету мерзімін қысқартады әрі бюджетке қосымша салмақ түсіреді, — деп атап өтті компанияда.

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, ең тозған учаскелер негізінен карьерлер орналасқан аймақтарда. Мәселен, артық жүктелген көліктер Жаңаталап ауылы маңындағы Астана — Нұра — Теміртау бағытында, Ботақара іргесіндегі Қарағанды — Аягөз — Бұғаз трассасында және Қарабас ауылының жанынан өтетін Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды жолында жиі қатынайды.

Сонымен бірге мамандардың айтуынша, өңірдегі негізгі магистральдардың көбі әлі 1960–70 жылдары, оське түсетін салмақты бар болғаны 8 тонна болады деп есептеп салынған. Ал қазіргі ауыр жүк көліктерінің қарқыны бұл жолдарға орасан зор жүктеме түсіріп отыр.

Еске салсақ, Олжас Бектенов автокөлік жолдарының сапасын бақылауды күшейту туралы тапсырма берген еді.