Қарағанды облысында жүкті әйелдер медициналық мекемеге заңсыз ақша төлеген

ҚАРАҒАНДЫ.KAZINFORM – Қарағанды облысының прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру барысында әйелдерден жүктілікті жасанды түрде үзу қызметтері үшін негізсіз ақша алынғаны анықталды.

Фото: Freepik

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аталған қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетілуі тиіс.

МӘМС жүйесінде сақтандырылған пациенттер өз құқықтарын пайдалану мүмкіндігінен негізсіз айырылып, медициналық қызметтер үшін өз қаражаты есебінен төлем жасауға мәжбүр болған.

Облыстық прокуратура мәліметінше, соңғы 3 жыл ішінде медициналық қызметтер үшін екі рет төлем алынған 775 жағдай анықталды. Олардың жалпы сомасы 22 млн теңге болды.

Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының ұсынуы бойынша 218 әйелге жалпы сомасы 7 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, елде МӘМС аясындағы қызмет көрсетушілерге жаңа талаптар енгізіледі.