Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылындағы орта мектепте туберкулезбен сырқаттану фактісі профилактикалық тексеру кезінде анықталған. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, сырқаты анықталған оқушы бұрын осы дерттен емделген екен.
— Бұрын туберкулезбен есепте тұрған пациентті профилактикалық тексеру барысында аталған аурудың қайталанған асқынуы анықталды. Дерттің қайта өршуі жасөспірімнің жас ерекшелігіне байланысты гормондық қайта құру және иммунитеттің төмендеуі салдарынан болуы мүмкін, — деп хабарлады ведомстводан.
Басқа оқушылардың ата-аналары балалары мектепте туберкулез жұқтыруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда, денсаулық сақтау басқармасы оқу орнында дезинфекция жүргізілгенін және дертке шалдыққан баламен байланыста болғандарға еш қауіп төнбейтінін айтады.
— Қазіргі уақытта пациент барлық қажетті ем-дом түрлерін стационарда алып жатыр. Жасөспірімнің оқу орны бойынша қорытынды дезинфекция жүргізілді. Барлық байланыста болған адам тексерілді. Жұқтыру фактілері анықталған жоқ. Оқушылардың ата-аналарына санитарлық-гигиеналық режимді сақтау және жұқтырудан қорғау шаралары жөнінде нұсқау берілді. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың қажеті жоқ, — деп толықтырды облыстың денсаулық сақтау басқармасында.
Бұрын хабарланғандай, Атырауда былтыр туберкулезге шалдыққан 764 адамға әлеуметтік көмек берілген.