Қарағанды облысындағы Байқасқа-2 қорғанынан ерекше археологиялық олжалар табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысының Талды тарихи-археологиялық паркінде Байқасқа-2 қорғанындағы қазба жұмыстары аяқталды.
Экспедицияны «Археологиялық зерттеулер» ЖШС мамандары Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қолдауымен жүргізді.
Сырт көзге қарапайым төбешікке ұқсаған қорғанның астынан археологтар күрделі құрылым ашты. Ол — ірі тақталармен жабылған массивті тас жәшік, тас пен балшықтан тұрғызылған сыртқы қабат және айналдыра шеңбер құра орналасқан қуатты тас белдеулер. Мамандардың пайымдауынша, мұндай құрылыстар ежелгі дәуірде жоғары мәртебелі адамдарға арналып салынған.
– Біздің өңір үшін бұл өте сирек кездесетін ескерткіш. Әсіресе маңдай тұсынан тесілген бас сүйек сынығы ерекше назар аудартты. Мұндай табылым Орталық Қазақстан аумағында өте сирек ұшырасады. Бұл ғұрыптық рәсімнің белгісі немесе жерленген адамның айрықша әлеуметтік мәртебесін білдіруі мүмкін, – деді «Археологиялық зерттеулер» ЖШС қызметкері Анвар Каримов.
Маусымдағы негізгі табылымдардың қатарында адам сүйектері, жануарлардың қалдықтары, қола мен мүйізден жасалған жебе ұштары, сондай-ақ өрнекті керамика бар.
Сонымен бірге, қорғанның батыс бөлігінен кейінгі кезеңге жататын 11 жерлеу орны анықталды. Бұл аймақтың ежелден-ақ қасиетті мекен саналғанын айғақтайды.
Экспедиция Сарыарқаның сайын даласы әлі талай құпияны сақтап жатқанын тағы бір мәртк дәлелдеді. Әрбір жаңа табылым көне көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрін тереңірек тануға жол ашады.
Айта кетелік Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштер мақта алқабының астында бүлініп жатқаны туралы жазған едік.