Қарағандыдағы карьерлердің 75%-ның жүк көліктері салмақ бақылауынсыз жолға жіберілетіні анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында ауыр жүк көліктерімен жолдарды бұзып жатқан жер қойнауын пайдаланушыларға бақылау күшейтіліп жатыр. Тексерулер көрсеткендей, карьерлердің басым бөлігі әлі күнге дейін салмақ өлшейтін жабдықсыз жұмыс істейді, ал шамадан тыс жүк тиелген көліктер тасжолдарға айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Фото: Қоғамдық коммуникация орталығынан

Мәселе автомобиль жолдарының жай-күйі мен салмақтық шектеулердің сақталуына арналған арнайы кеңесте талқыланды. Өңірде карьерлерден шығатын ауыр техникалардың рұқсат етілген жүктемеден артық салмақпен қозғалу деректері жиілеген. Соның салдарынан жол жабыны бүлініп, жөндеу шығындары жыл сайын артып келеді.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, Қарағанды облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен шамамен 60 компания айналысады. Қазір өңірде жер қойнауын пайдаланушыларды паспорттау жүргізіліп, салмақтық бақылау жүйелерінің бар-жоғы тексерілуде.

Анықталғандай, карьерлердің 75%-ында салмақ өлшейтін жабдық мүлде жоқ.

— Қазіргі уақытта басқарма тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарды орындауына мониторинг жүргізілуде. Оның барысында салмақтық шектеулерді сақтау бөлігіндегі адалдық та ескеріледі. Бүгінде лицензиялық-келісімшарттық талаптарды бұзған тоғыз жер қойнауын пайдаланушыға хабарлама жолданды. Атап айтқанда, олар тарату қорын қамтамасыз етпеген және есеп тапсырмаған. Олардың жетеуінде салмақ өлшейтін жабдықтың жоқ екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты келісімшарттарды бұзу және лицензияларды қайтарып алу мәселесі пысықталып жатыр, — деді Асқар Ғазалиев.

Оның айтуынша, заң бұзушыларды анықтау жұмыстары уәкілетті органдармен бірлесіп жалғасады. Әсіресе салмақ-габариттік бақылау талаптарын елемей, жолдарды заң бұза отырып пайдаланатын компанияларға ерекше назар аударылмақ.

Қазірдің өзінде наразылық туындаған кәсіпорындар қатарында «Тегиз Жол», GMK KZ, «Сине Мидас Строй» БК, «МАТ-Сарыарқа», «КамКар», «Atlant 2020» және «ҒИМАРАТ-М» кәсіпорындары аталды.

Жер қойнауын пайдаланушыларға заңбұзушылықтарды жою үшін уақыт берілді. Егер талаптар орындалмаса, компанияларға лицензияларды қайтарып алу мен келісімшарттарды бұзуға дейінгі қатаң шаралар қолданылатыны ескертілді.

Осыған дейін Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезіндегі ішкі елдік құндылық үлесін арттыру талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілігі күшейтілгенін хабарлаған болатынбыз.