Қарағанды облысындағы кентте мал қырылды

Фото: видеодан салынған скрин

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысының Шахтинск қаласына қарасты Долинка кентінде 100-ден астам қойдың қырылған. Алдын ала болжам бойынша мал уланған болуы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада далада жатқан мал өлекселері көрсетілген. Кадрлар елді елең еткізді. Қой иелері болған жағдайға алаңдаулы, ал жергілікті билік оқиғаға қатысты алғашқы түсініктеме берді.

— Қырылған малдың барлығы бір жерден су ішкен. Алдын ала деректерге сәйкес, дәл осы судан уланған болуы ықтимал. Қазір зертханалық зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, — делінген Шахтинск қаласы әкімдігінің ресми хабарламасында.

Абай ауданына қарасты Жартас ауылының шекарасы, Долинка кентімен іргелес жатқан жерден 105 бас малдың өлексесі табылды.

Жергілікті әкімдік қазіргі таңда эпизоотиялық жағдай тұрақты екенін, мал арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар жоқ екенін хабарлады.

— Облыстық ветеринариялық қызмет мамандары уланудың жалпы осындай жағдайлардың алдын алу бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жағдай бақылауда, — делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының жағдайын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін арнайы смарт-жүйе енгізілгені хабарланған болатын. Бұл жүйе малдың денсаулығын дер кезінде бақылауға, өлім-жітім мен ауру белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді.