Қарағанды облысындағы республикалық жолдың 34 шақырымы жаңартылып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында республикалық маңызы бар «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» автомобиль жолының 231-265,6 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото: ҚазАвтоЖол

Жоба аясында жол инфрақұрылымын жаңғырту және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылды.

ҚазАвтоЖол мамандарының мәліметінше, бүгінде жол жабынындағы 2 813 шаршы метр ақау жойылған.

Сонымен қатар 20 шақырым жолда асфальтбетон жабынын жону жұмыстары жүргізілді.

– Жаңа материал қосу арқылы суық жону әдісімен жол негізін нығайту жұмыстары 18 шақырым учаскеде орындалды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ірі түйіршікті асфальтбетоннан төменгі жабын қабатының 15,1 шақырымы төселді.

Жауапты мамандардың айтуынша, орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жабынының сапасы жақсарып, қозғалыс қауіпсіздігі мен жүргізушілер үшін жайлылық деңгейі артады.

Айта кетейік, Ақтөбе – Ұлғайсын автожолындағы жөндеу жұмыстары 2028 жылдың соңында аяқталады.